Жаңалықтар
10 мин оқу 1,250
Жанқожа батырдың бізге жеткен бейнесі бар ма?
Қазақта: «Еңбегі еш, тұзы сор», деген бағам бар. Сондай болған және болатындығын сипаттайтын ұғым, түйін. Қарап отырсақ, еліміздің талай тұлғаларының еңбегі еш, тұзы сор. Халқы үшін қаншасы құрбандыққа кетті десеңізші. Солардың бірі халқы үшін кеудесін оққа тосса да тәуелсіздік алғанға дейін саясаттың қақпақылына айналған тұлға, еліміздің адал перзенті Жанқожа Нұрмұхаммедұлы еді. Халқының азаттығы үшін жанын пида еткен бұл бабамыз тәуелсіздігіміздің шапағатымен ғана қайта бағаланды. Тарихи шындық жөніне енді келді.
Республикалық, облыстық дәрежеде, батырдың кіндік қаны тамған Қазалы, Арал ауданында талай-талай ауқымды да игілікті істер атқарылды. Бабаның мүсінін салу әрекеттері де жоқ емес. Осыншалық қысқа мерзімде азаттық күрескерінің тарихи шындыққа негізделген портреттік бейнесін жасап тастамадың деп әлдекімдерді жазғыру да артық болар еді. Ал қыруар еңбекпен халық жұмылып бітірген кешен батырдың мүсініне зәру боп, жетімсіреп тұр. Осындай тұлғаның түпкі егесі болып табылатын Қызылорда облысының әкімдігі өңір орталығынан батырға лайық ескерткіш орнатуға республикалық көлемде бәйге жариялады. («Егемен Қазақстан», 2 тамыз №342-343). Демек бұл іс бұған дейін атқарылып келген талай-талай игі шаралардың тиянақты түйіні іспетті. Талапкер сәулетшілер мен мүсіншілерге қылаудай болса да пайдасы тиюі мүмкін-ау деген мақсатпен осы мәселеге қатысты әзірге қолда бар деректерді ортаға салатын мерзім келді деген сөз.
Жанқожаның суретке түсірілуіне бүкіл ғұмыр бойы жалғыз-ақ мүмкіншілік болды. Ол 1847 жылы жаңа салынып жатқан Райым бекінісіне барып, оны өз көзімен көріп, сол кездегі Орынбор губернаторы генерал В.А.Обручевпен ауызба-ауыз тілдескен кез. Губернатор ол жөніндегі естелігінде сурет жайлы ләм-мим демейді. Кездесу қазақтарға сес көрсету мақсатында жайбарақат жағдайда өткен. Суреттің болуы да мүмкін. Өйткені қазақ жерін түбегейлі иемденуге келе жатқан басқыншылар өзге қарулармен бірге сурет салатын рәсімге түсіретін адамдарды ала келуі шындыққа келетін ықтимал жайт. Есте болатын екінші бір нәрсе, патшалық басқыншылар «осыдан шығады-ау» деген елдің ірі, басты әрі күмәнді адамдарын қалт жібермей барлық тірлік-әрекетін бағып, іздеріне жансыз салып, жүріс-тұрысын тап бастырмай бақылап отырған. Алған есептерінде билердің кескін-келбеттеріне дейін жазулы тұр. Алайда ол кезде батыр патша әскерлерінің бұл келістерін іштей жақтырмағанмен, әліптің артын бағып, жатжұрттықтарға бірден пәлендей теріс мінез көрсеткен жоқ-тұғын. Одан да салмақты себеп – жазықсыз қазақтарды дүркін-дүркін бөрідей талап тыныштық бермей отырған Қоқан мен Хиуа хандықтарының беттерін қайтаратын орыс қаруынан өзге күш жоқ еді. Қазақ бассыз қалған.
Суреттің мүлде болмауы да мүмкін. Өйткені Жанқожа батыр ислам жолын берік те нық ұстанған адам. Ит те ішпейтін шайды аузына алмай жүрген тік мінезді бірбеткей батыр «шайтанның ісі» – суретке түсуден үзілді-кесілді бас тартуы ғажап емес. Олай болса, генерал губернатор сыйлы қонағын ренжіте алмайды. Алғашқы кезде В.А.Перовский де бізге түбінде керек болады деп шенеуніктеріне батырды ренжітпеулерін арнайы тапсырған-тұғын.
Жанқожа сонан кейін Райым бекінісіне барған емес. Елге қауіп төнген кезде ғана тізе қосып, сырттай аңысын аңдып жүрді. Орыс әкімшілігіне етене жанаспады. Патшаның есаулдық шен белгілеп, жыл сайын берілуге тиісті 200 рубль күміс ақшасын алған жоқ. Ал батырдың орыстармен екінші рет жанасқаны – 1847 жылдың 20 тамызы-тын. Бұл жаугершілік, «байтал түгіл бас қайғы», яғни, Хиуа басқыншыларына қарсы соғыс болатын. Ол суретке мойын бұрарлықтай жағдай емес уақыт еді.
Біздегі мәлімет бойынша, батыр Орынборға барып, әкімдерге бас иіп сәлемдеспеген, ант қабылдамаған адам. Егер онда елдің игі-жақсыларын ертіп барған болса, суретке түсіріліп хатталуы сөзсіз. Батырды алғаш рет дәйекті зерттеген И.В.Аничков та сурет пайдаланбаған, ол туралы ештеңе айтпайды.
Осы мерзімде Арал маңына жер аударылып келген Украинаның ұлы ақыны Т.Г.Шевченкода да фотоаппаратура болмаған. Бізге кобзарьдың қолмен салған суреттері жетті.
Сонымен батырдың фотобейнесінің бар-жоғы әлі түбегейлі анықталған жоқ. Оның есесіне елдің көз алдында, көңілінде бір жарым ғасыр бойы әбден қалыптасып қалған нар тұлға, қайтпас қайсар көркем бейне бар. Жұрттың сол бір қадірменді де ержүрек адамды, адал перзентін көксеп, қатардағы көп адамнан бөліп жара қарап, айбатты да айбынды тұлғаны көз алдына елестететіні сөзсіз.
Ол үшін кәдуілгі Жанқожаның өмірде қандай адам болғандығына, пішіміне, кескін-келбетіне барынша жақындай түсуіміз шарт. Адам бейнесі сирек қайталанатын дара жаратылыс. Бірінші темірқазық – шындық, ал көркемдік қиял, суретшілік шешім сонан кейінгі шаруа, әрине. Қиял нақты шындықтың негізінде өрбіген жағдайда ғана құнды болмақ. Әзір түгелдей бір жүйеге түсірілмеген халық дастандарында Жанқожа батырдың әдеби көркем бейнесі біршама жасалған. Жанқожаны көзімен көрген, оның жанында жүрген екі ақын болатын, оның бірі – Мұсабай да, екіншісі – Төремұрат. Өкінішке қарай, Мұсабай дастанында портрет жоқ, ал елеусіз қалып жүрген адуынды, тапқыр, ұшқыр айтыс ақыны Төремұраттың сөздері, алмағайып заман болды, қағазға түсірілмеді, мұрасы халыққа түгелдей жетпеді.
Төремұраттың ұрпақтары «ақынның қағазға түскен жырлары қырқыншы жылдары өртеніп кетті» дейтін көрінеді.
Алдымен қолда бар мынадай портретке зер салып көрелік.
Кісі екен ортадан биік, кең жауырынды,
Қаршыға төс, мұз омыртқа, мол сауырынды.
Кебеже сүйегімен тұтас біткен
Ат жақты, жүзі сары, қыр мұрынды.
Қою қас, қабағы сұр, қалың қабақ,
Терең ойлы, ауыр мінез – алған атақ.
Сақалын өріп қойған лентамен
Тарақпен қояды екен тарап-тарап.
Өлеңнің жұрттан есіткен дерек бойынша кейін біздің дәуірімізде жазылғандығын аңғару қиын емес. Бірінші, «кісі екен» деп отыр, демек автор біреулерден есіткен, екінші «лента» сөзі ол заманда жоқ, кейін енген ұғым, тұтынымға біздің заманымызда келген зат. Кейбіреулердің айтып жүргендеріндей жіп қосып өрмеген, ұзын сақалын шашырап кетпес үшін салалап өріп қоятын болған. Бұл батырдың үлкейген шақтағы бейнесі. Жанқожаның ұзын сақалын еркін жіберіп, салалап өріп қоятындығын бірнеше дерек растайды да. Жолаушылап жүріп, бір бейтаныс жерге қонаққа түскенде, сол үйдің жас қызы «сақалды да өреді екен-ау» деп күлген екен деген жазбаны да оқығанмын. Жанқожа жайлы ең бірінші дәйекті еңбек жазған И.В.Аничков: «Батырдың баласы Итжемес те батыр деп аталады, қазір тірі. 80-дегі шал… Өзінің ақ сақалын әкесінің құрметіне өріп қояды», деп жазады ол. Итжеместі өз көзімен көрген. Сонда бұл жағынан батырдың бейнесі Құрманғазының жұртқа әйгілі суретін елестетеді. «Кісі екен ортадан биік, кең жауырынды» дегеннің де жаны бар. Тіпті, орта бойлы да болуы мүмкін. Жанқожа Кілемжайғанбопайда Кенесарыға сәлем бере барып, төлеңгіттер Төремұрат пен Доғалақты (Досқожа – М.Қ.) айтыстырып, оның аяғы қақтығысқа айнала жаздап, әрең басылған соң, Наурызбайдың ағасына: «Сені шалдың албастысы басты. Кіші жүздің томашадай шалына атаңды сөктіріп, бір ауыз да тіл қатпай мелшиіп отырып қалғаның қалай?! Тау мен тастан қайтпаған жүрегің жұдырықтай шалдан өлемін деп қорықтың ба?!» дейтіні бар. Жауласып отырған адам дұшпанын өсірмей, барынша кемітіп айтады. «Томашадай», «жұдырықтай» деуіне қарағанда, Жәкеңнің пішімі айта қаларлықтай ірі болмаған. Мәселен, Көтібардың Есеті жайлы Наурызбай олай дей алмаған болар еді. Жауласқанның өзінде де ірі денелі адамға айтылатын қазақта бөгде сөз жеткілікті. Ауызға сол түспей тұр ғой. Демек, айтылған сөздің негізінде шындық жатыр. Көпті көрген қарт журналист Шәкірат Дәрмағамбетов халық аузынан мынадай дерек жазып алады. «Қан мен тер» романының авторы әйгілі Әбекең – Әбдіжәмілдің арғы атасы Жанқожамен құрдас екен. Бірде ол батырға: – Жәке-ау, пішіміңнің бары мынау, жауыңды қалай алып жүрсің? – деп әзілдепті. Сонда Жанқожа күліп: – Алатын жауыма ірі болып көрінемін ғой, – депті де қойыпты. Келесі бір дастанда батыр былай суреттеледі: ...Кең кеуде, бөрі қабақ, жолбарыс бет, Жауырыны еніменен теңдес келген... Жұмырлау жолбарыстың жотасындай, Шығыңқы құлақ жағы, жуан мұрын, Айбатты жан көрінеді арыстандай. Алдынан не келсе де қайтпайтұғын, Шұбар көз айға шапқан қабыландай. Қабағы төмен түскен, ұзын мұртты, Жауатын күннің қара бұлытындай... Батырдың көп сөйлемейтін, бұйығы, көзге түсе кететін ерекшелігі жоқ, қарапайым ғана адам болғанын И.В.Аничков та жазады. «Ал батырдың сырттай кейпіне келсек, оны көрген, білген адамдардың айтуына қарағанда, ол Есет Көтібаров сияқты биік бойлы, зор денелі емес екен. Қайта, керісінше, бойы шағын, сырттай қарағанда да айрықша көзге түсерлік бірдеңесі болмаған... Ол өзі бұйығы, сөзге сараң». Бұл сөзге иланатын себебіміз, И.В.Аничков Жанқожа дәуіріне бізден гөрі жүз жылдай жақын. Батырды көзі көрген адамдармен, Жанқожаның інісі Бектің баласы Жұмабайдың қолындағы батырдың бір жесірі және баласы Итжемеспен, тағы да өзге көз көрген адамдармен ауызба-ауыз сөйлескен. Қалың қабақтың да негізі бар. Ашуланса, жүз қаратпай бет-аузы түктеніп, көздері от шашып кетеді екен дейді айтушылар. Ақмырза ағасының баласы Жалмырза да сұсты адам болыпты дегенді есіткем-ді. Әсірелеу де бар шығар, бір жорықта Жалмырза артына жалт қарағанда, кейін келе жатқан жолдасының аты үркіп басын ала қашқан екен дегені бар марқұм Тойымбет Күлімбетұлының. Бекбауыл құрдасы батырды «көк қабан» деп атайды екен. Бұл атауда да батырдың бұйығы, денесі тұтас болғандығын мегзейтін мән бар. Өз көзімізбен көрген Жалмырза баласы Нәсреддин мығым денелі, төртбақ, орта бойлыдан сәл биіктеу қоңырқай кісі болатын. Ал Шынжырбай баласы Қабылан болса, жуан желке, тұтас денелі шымыр адам еді. Жанқожадан Итжемес, Итжеместен Айтуған, Айтуғаннан Шынжырбай. Тілге тиек болып отырған екеуі де сары адам емес. «Бір биеден ала да туады, құла да туады», дегенді ескере отырсақ та, жалпы батыр ауылынан сары, қыр мұрынды адам сирек кезігеді. Бұған қазақтың «Ер мұрынды келсін» деген мәтелін тағы қосыңыз. Сонда кейінгі дастандағы «жуан мұрынды» шындыққа жақындайды-ау деп жобалаймыз. Қалай да алдыңғы өлеңдегі: «Ат жақты, жүзі сары, қыр мұрынды», деген сурет шындықтан аулақ. Орта бойлы, мығым денелі, қалың қабақты адамға ат жақ пен қыр мұрын мүлде келмейді. Шежіре есті қарт Тойымбет Күлімбетұлының айтуында батыр төртбақ, иықты. Ашуланғанда төбетейі қозғалып отырады екен. Үш жүз бас қосып, Созақты аларда Жанқожаның тапсыруымен Төремұрат жырау қолдың алдына шығып, жауынгерлерді жігерлендіреді. Сонда мынадай шумақ бар: Асыл батыр ат қояр, Дұшпанды көрсе ұйлықпай, Арқаңа сүйеу Жанқожа, Қара мойыл сырықтай. Осы жердегі «қара мойыл сырық» батырдың өңін де мегзейтін болар деп шамалаймыз. Ал атадан қалған асыл сөздің қиқымын тастамай ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып, ықтиятпен жинап, батырды есте қалдыру ісіне бел шешіп кіріскен қадірменді ақсақал Өмірзақ Ахметовтің суреттеуіндегі Жанқожа былай: «Бүркіт қабақты, бура сан, алшақ төс, кең жауырын, жуан мойын. Білегі атан түйенің ортан жілігіндей, саусақтары білеудей әрі салалы. Бойы өзгелерден жарты аршын биік. Денесі шымыр, ширақ, Көзінің жанары отты, маңдай терісі қалың. Қатты ашуланғанда көзінен оты шашырап, кісіні тура қаратпайды. Осы кезде оның қарсы алдына ешкім батып бара алмайды. Өңі қараторыға танық, қоңыр. Жалпы тұрпаты жолбарыстай сұсты, арыстандай айбатты еді». Жоғарыда айтып кеткен батырдың ұрпағы Қабыланның жазуындағы батырдың портреті мынадай: «Жанқожа төртбақ, орта бойлы, шарты келген ет бетті, ат жақты, қалың қабақ, айна көз, сұрғылт бетті, қарасұр, ұзын сақал кісі еді. Арқасында желкесінен құйрығына дейін жалы бар еді. Жауырыны қақпақтай. Үстіне түйе жүн шекпен (шекпен ішінен сауыт киіп, белдемше тағатын) басына қара далбай немесе тымақ киетін. Аяғына етік, беліне кісе буатын-ды. Садақ, найза, қылыш, семсері қайда жүрсе де тұла бойынан қалмайтын». Бұл сөздің төркіні Жолшыдан шыққан. Жолшы Жанқожаның кіші баласы, батыр жау қолынан өлетін кезде жасөспірім. 1929 жылы Арал теңізінің күншығысындағы Қоңыр деген құдықта 88 жасқа келіп тұрған кезінде қайтыс болған. Итжеместің немересі Жалғасбайды өз көзіммен талай көріп, әңгімесін тыңдап, қолына су құйғам-ды. Бұл кісінің ерекшелігі ұртты болатын, аузын толтырып сөйлейтін. Ортадан сәл биіктеу, сирек сақалды, қоңырқай, дөңгелек жүзді, елпілдеген ақеден кісі еді. Сары да, қыр мұрынды да емес. Жауға шапқанда ішкі жеңіл киімінің сыртынан, сауыттың ішінен байлап алатын белдемшесінің бір бөлігін өзінің қарашығындай сақтап отырған шөберелерінің бірінен көрдім. Әлдеқандай қара темірден жиектері қайырылып, қолдан соғылған, сол жағы ішке қарай бүгілген, найза мен оқ тиген болуы керек, батыңқы іздер аңғарылады. Жиектеріндегі тесіктеріне, бүгістің ыңғайына қарағанда, бұл шамасы бүтін белдемшенің төрт бөлігінің бірі тәрізді. Биіктігі – 18, ені – 22,5 сантиметр. Батырдың денесі тұтас, сом екендігі рас. Шамасы, Өмекеңнің тек «бойы өзгелерден жарты аршын биік» дегенінде едәуір әсірелеу бар. Қандай деректе де батыр аса биік болмаған. «Киіз үйдің төрінде жайғасқан кісі – ауыл старшинасы Жанқожа. Оның қою да түсіңкі қасы екі көзін тұтастай жапқан. Әжім басқан кең маңдайы, қатты жалпиған мұрны жалпақ бетінде анық көрініп тұр». Оның үстіне «...мұрты мен сақалы сарғыш тартқан». Бұл батырды өз көзімен көрген орыс қаламгері Н.Стремоуховтың жазғаны. Бұлтартпайтын анық айғақ. Байқадыңыз ба, бұл ауызша айтылып жүрген қалың қабақты нақты айғақтап тұр. Тумысынан солай ма, әлде бір ұрыста шоқпар тиді ме екен, мұрны ерекше жалпақ. Оның үстіне беті де жалпақ. Бұл 1850 жылдар шамасы. Батыр орта жаста. Әлі сақалына ақ түспеген. Айта келгенде, өнерге ақыл жүрмейді. Көркемдік шешім қашанда жеке дара. Сол жеке даралығымен құнды. Десек те кейіпкер бейнесінің шындықтан да тым аулақтай бермегені мақұл тәрізді. Әйтеуір батырларымыздың бәрі бір анадан егіз туғандай болмаса... Молдахмет ҚАНАЗ, жазушы. _______________________ Суреттерде: Жанқожа кесенесі. Батырдың жобалап салынған бейнесінің бірі. (Суреттер «Сыр өңірі тарихы» кітабынан алынды).Бөлісу: