«Астана» екі ойыншысын таныстырды
Елордалық «Астана» футбол клубы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында «АстанаFF» фристайл клубымен бірлескен «Футбол астанасы» мерекелік шарасын ұйымдастырды. Аталған шара аясында жазғы трансферде клуб сапын толықтырған екі жаңа ойыншы – Ласло Кляйнхайслер мен Марин Томасовты жанкүйерлерге таныстыру рәсімін өткізді. Футболшыларды команда жанкүйерлеріне клубтың атқарушы директоры Қайсар Бекенов таныстырып, ресми түрде спорттық жейделерін табыстады.

29 жастағы хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов «Астана» командасына Хорватияның «Риека» командасынан бір жылдық жалға алу келісімшартымен ауысқан болатын. Марин Хорватия чемпионатының 2015/16 маусымында үздік футболшы атанған. Transfermarkt.de сайты Томасовтың трансфер құнын екі миллион еуроға бағалаған.
Ал 23 жастағы венгриялық жартылай қорғаушы Ласло Кляйнхайслер «Астана» сапына германиялық «Вердер» командасынан ауысып келді. Ласло да елордалық клуб сапында бір жылдық келісімшарт негізінде доп тебетін болады. Кляйнхайслер Венгрия ұлттық құрамасымен 13 ойын өткізіп, бір гол соққан. 2016 жылы өткен Еуро-2016 чемпионатында ол Австрия құрамасына қарсы ойында нәтижелі пас беріп, матчтың үздік ойыншысы атанған болатын. Ласло Кляйнхайслер өткен маусымда германиялық «Дармштадт» және Венгрия чемпионатындағы «Ференцварош» командаларында ойнаған.
Шара соңында «Астана» командасының қақпашысы Ненад Эрич, қорғаушы Игорь Шитов, жартылай қорғаушы Срджан Граховац және клубқа жаңадан қосылған Ласло Кляйнхайслер мен Марин Томасов жанкүйерлерге қолтаңба беріп, естелікке суретке түсті.
Айта кетейік, «Астана» 12 шілде күні Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда латвиялық «Спартакс Юрмала» командасымен кездеседі.
Әли Битөре,
"Егемен Қазақстан"