250 литр қымыз тегін таратылды
Семейліктер Орталық саябақта қымыз ішіп, дәмін сараптауды жыл сайынғы дәстүрге айналдырған. Биыл да саябақ ішіне ақ дастарқан молынан жайылды. Саба-саба қымызды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ішіп, емен-жарқын қауышқан ағайын көңілі шат болды.

– Қымызмұрындық – ең ежелгі мереке, – деді «Мұсылман әйелдері лигасының» төрайымы Гүлжиһан Жұматаева, – саумалды ем ретінде буын ауруларына ішсе, тіпті пайдалы. Саумалдан соң бір күндік түнемел қымыз, екі күндік құнан қымыз, үш күндік дөнен қымыз, төрт күндік бесті қымыз деген атаулары бар. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Бүйрек пен бауырды қанықтырып, қан тамырларын тазалайды.
Шараны ұйымдастырушы «Ахау, Семей» этномәдени орталығының әжелері мен «Мұсылман әйелдері лигасындағы» ақ жаулықты аналар мерекеге келгендердің барлығына тегін қымызды кеселеріне толтыра құйып берді. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтарына 250 литр қымыз тегін құйылып беріледі. Семейдегі Достық үйінің барлық этномәдени орталықтары, түрлі ұлт өкілдері өз қолдарымен жасаған көркемөнер туындыларынан көрме ұйымдастырды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ
Суретті түсірген автор