Қаржы
2 мин оқу 273

Алысты жақындатқан ынтымақтастық

<p>2017 жылдың 6 айында Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 45,9 пайызға өсті</p>

Алысты жақындатқан ынтымақтастық

Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Француз Республикасының сыртқы істер және Еуропа министрі жанындағы Мемлекеттік хатшысы  Жан-Батист Лемуанның қатысуымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Француз үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы өтті.

Үкіметаралық комиссия оты­рысында сауда мен инвес­ти­ция, энергетика, соның ішінде жаңғырмалы энергия көзде­рі, ғарыштық қызмет, қорша­ған ортаны қорғау, ауыл шаруа­шы­лығы, денсаулық сақтау және тағы басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәсе­лелері талқыланды.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек Францияның мамандан­ды­рылған ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне қатысуы екі елдің өзара іс-қимылының жо­ғары деңгейде екенін және жаһандық тұрақты дамуды қам­тамасыз ету мәселелері бойынша ұстанымдарының бір екенін айғақтайды, деп атап өтті. 

«Қуатты экономикалық әлеуетке ие Франция Қазақ­стан­ның Еуропадағы негізгі сауда се­ріктестерінің бірі. Екі ел ара­сындағы тауар айналым­ының өсім динамикасы қарқынды. 2017 жылдың 6 айында Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 1,7 млрд АҚШ дол­ларын құрады. Бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 45,9 пайызға жоғары», деді Ж.Қасымбек. 

Франция Қазақстанның негіз­гі сауда серіктестері тізімінде 5-ші орынды иеленеді. Сонымен қатар, Франция Қазақстанға инвестиция салу деңгейі бо­йынша да 5-ші орында. Бұл ел соңғы 12 жылда Қазақстанға 13,6 млрд доллар инвестиция салған.

Француз Республикасының сыртқы істер және Еуропа ми­нистрі жанындағы Мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуан екі елдің үкіметаралық комиссиясы жұмыс істеп жатқан осы екі күннің ішінде Қазақстан тара­бымен көптеген кездесулер өткізілгендігін айта келе, жылы қабылдау үшін алғы­сын білдірді. Оның сөзіне қара­ғанда кездесулер табысты жүру­де. «Комиссия жасаған хатта­ма­ның 10 бетке дейін жетуі біз­дің арамыздағы іскерлік байла­ныс­тардың қанатын кеңге жайып келе жатқандығын және маз­мұн­ды екендігін білдіреді» деді ол.

Француз тарабы қазақ­стан­дықтарды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің табыс­ты өтуімен құттықтады. Олар­дың айтуынша, көрмедегі француз павильонын осы уақытқа дейін 500 мыңға жуық адам келіп тамашалапты. Мұның өзі павильонның тартымды бол­ғандығын дәлелдейтін көр­сеткіш. Қазақстан тарабы фран­цуздарға көрмеге белсе­не қатысқандықтары үшін алғыс­тарын білдірді.

Отырыс барысында екі ел­дің экономикалық ынтымақтас­ты­ғының күн тәртібіндегі мәсе­лелері жүйе-жүйеге бөлініп, нақтылай қаралды. Соның ішінде Қазақстанның инвестициялық ахуалын одан әрі жақсартудың жолдары, осы ретте француз тарабынан туындайтын мәселелер нақты әңгіме болды. Француз тарабы, сондай-ақ қалалық көлік, қоршаған ортаны қорғау салаларына инвестиция салуға ынталарының бар екендігін жеткізді. Мұның сыртында фран­цуз инвесторларының қаты­суымен жалпы қуаты 14 МВт болатын жаңғырмалы қуат өнді­ру жобасын жүзеге асыру мәсе­лесі нақты әңгіме болды.

Қазақстан тарабы Фран­ция­мен арадағы атом өнеркәсібі, ғ­а­рыштық қызмет, авиация, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы әріптес­тік­тің өз жемісін беріп, нақты жоба­лар­дың жүзеге асып жатқандығын атап көрсетті. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын таппақ.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Бөлісу: