Жаңалықтар
2 мин оқу 533
«Илигай» деп ән салдым!
Жуырда Астанадағы Қазақстан орталық концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербай өзінің ән кешін өткізді. «Илигай деп ән салдым» деген атпен өткен бұл шығармашылық кешті әншінің үлкен сахнаға алғаш шыққан кенже ұлы Марғұланның өнер жолындағы алғашқы тұсаукесері десе де болады.
Бір кездері қоңыр даусымен көрерменді баурап алған балаң жігіт бүгінде айтулы әнші екені өзімізге белгілі десек, өнерде өзіндік орны бар дарынды азаматтың бұл кеші ерекше мазмұнды өтті. Көпшілік сүйікті әншілерінің рухани өсу жолына сүйсініп, өнеріне сусындап қана қойған жоқ. Оны бүгінде немерелеріне ардақты ата, ал ұлдарына сүйікті әке болып отырған азамат ретінде де таныды. Иә, бұл жолы ол өнер жолына өзі баулыған кенжесімен сахнаға бірге шықты. Сөйтіп, бұл кеште Марғұлан әкесін фортепианода сүйемелдеді. Сондай-ақ немересі Илигайды қасиетті сахна төріне шығарып, бұл кештің мән-маңызы туралы қызықты әңгіме айтты. Сөйтсек, бұл «Илигай» деген ән оның сахнаға алғаш шыққанда салған әні екен. Көңілге ыстық ән кейіннен немересінің есіміне айналыпты.
Иә, тынымсыз еңбек пен табиғат берген дарын арқасында өнер әлеміне әдемі әндер мен тамаша дүниелерді әкеліп, халайықты риза етіп жүрген оны бүгінде жұртшылық халық қалаулысы ретінде де жақсы біледі. Алайда ол ән салудан тосырқап қалмаған екен, шығармашылық кешінде өзінің әнші ретінде бабында екенін көрсетті. Сөйтіп, ол өзінің бұрыннан тыңдарман жүрегінен мықтап орын алған «Айдай», «Қарағым-ай», «Илигай» және т.б. танымал әндерін орындады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Бөлісу: