Шыршаға емес, шаруашылыққа жұмсалады
<p>Соңғы бес жылда об­лыс орталығында жаңа­жыл­дық шыршаны орнатып, безендіруге 100 миллионға жуық теңге бағытталып, құмға сіңген су сияқты із-түз­сіз кетіпті. Ал аудан­дар мен елді мекен­дер­де жұмсалған шығын­дар­ды есептейтін болсақ, қайтарымы жоқ қаражат­тың еселене түсері анық.</p>

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бюджет қаражатын шүлен таратқандай оңды-солды шашу «тәжірибесін» тоқтатуды кесіп айтты. Жылда шыршалар мен шамдарды жаңалағанша бұрынғыларын неге пайдаланбасқа?
Мұз қалашықтарын салуға қалталы азаматтарды, кәсіпкерлерді тартуға болады дей келіп Құмар Іргебайұлы жергілікті қазына қаржысы бірінші кезекті қалалар мен ауылдарды абаттандыруға, жолдарды жөндеп, қалпына келтіруге, ауыз су жеткізуге, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың мұқтаждарына, әлеуметтік мәселелерге бағытталатынын жеткізді.
Петропавл қаласында жаңажылдық шырша мен көшелерді әшекейлеу үшін 2015 жылы 24 миллион теңге бөлініп, рекордтық көрсеткішті құрағаны белгілі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы