Әдебиет
7 мин оқу 1,375

Сегізінші наурыздағы сыйлық (эссе)

<p style="text-align:justify">...Ол кезде 23 ақпан кеңес әскері мен теңіз флоты күні ретінде ерекше аталып өтетін мереке еді. Бұл күні әйелдер қауымы әдет&shy;тегіден өзгеше көңілді, әдемі әрі мейірімді болатын. Сондықтан да, олар жер бетіндегі бүкіл еркек атаулыны, оның ішінде әс&shy;керге барғандарымен бірге бар&shy;мағандарын да, тіпті бар ғой, ке&shy;шегі Екінші дүниежүзілік соғыс&shy;тан қашып келген дезертирлерді де шын жүректен, ағынан жарыла құттықтай беретін.</p>

Сегізінші наурыздағы сыйлық (эссе)

Жалпы, бұл өзі, ресми түрде әскери мереке болғанымен, бейресми салтымызда «Еркектер кү­ні» дегендей бұқаралық сипатқа ие-тұғын. Сол себепті бала кезі­міз­де бізбен бірге оқитын қыздар ақша жинап, ауылдағы жалғыз дүкеннен ұлдарға арнап сыйлық алып, салтанатты түрде тапсырушы еді.

Ал 8 наурыз, қыз-ке­лін­шектер мерекесі жақындап қалғанда біз де өзімізге бір тықыр­дың таянып қалғанын сезіп, алдын ала дайындала бастайтынбыз.

Әлі есімде...

Бірде нақтырақ айтсам, 6 нау­рыз күні сыныптас балалар жинаған ақшаны алып, Құралбек досым екеуміз салып ұрып ауыл­­дағы «әмбебап» дүкенге же­тіп келдік. Мұнда, әрине адам таңғалатындай ештеңе жоқ. Әлгі сыныптас қыздар 23 ақпан күні өзімізге сыйлаған дәсорамал, қа­лам, өшіргіш сияқты ұсақ-түйек­тен басқа кәдеге жарайтын нәрсе көз­ге шалынбайды.

Содан «Енді қайттік?..» де­ген­­дей бір-бірімізге қарап иығы­мызды қушиттық.

Кенет Құралбек бір тосын ұсы­ныс жасады.

– Монтайға барсақ қайтеді! Қыз­дарға лайық сыйлықты ол жақтан оп-оңай табуға болады.

Мұны естігенде менің көзім ба­қырайып кетті. Себебі Монтай – біздің Ақжардан жиырма-жиырма бес шақырымдай қашықта жатқан үлкен ауыл. Кеңшар орталығы. Әрі темір жол бекеті. Ол жердегі дү­кендерден іздеген затыңды тауып алатының да рас. Бірақ екі ортада көлік өте аз жүреді. Тіпті ілуде біреу ғана шығады. Себебі біздің ауыл басқа кеңшарға қа­райды.

Дегенмен, тәуекелге бел буып Құрал­бек екеуміз жол ше­тін­де көлік күтіп тұрмыз. Бағы­мыз­­ға қарай, түс әлетінде артын­да тір­кемесі бар бір трактор қаң­ғалақтап келе қалды. Екеу­міз жарыса қол көтеріп ек, тоқтайтұғын түрі жоқ, тастақ жол­мен сал­дырлап-гүлдірлеп өтіп барады. Сондан соң арт жағынан жүгі­ріп барып, тіркемесіне жармаса кеттік.

Шіркін, шалқар дала! Шө­лейт адыр!.. Сенің көктемдегі сұ­лу­­лығыңды сөзбен айтып жет­кізе қоятынай тіл қайда-а біз­де... Селкілдеген тіркеменің үстін­де шоқиып отырып айналаға қы­зықтап қарай береміз, қарай береміз.

Аспаны ашық, көкжиегі кең,­ бел-белестері көп шөлейт дала­ның көктемгі тынысы ғажап-ау, ғажап!..

* * *

Ол кезде Монтайдың орта­лық көшелерінде тұп-тура қала­дағыдай қаз-қатар тізілген бірнеше дүкен болушы еді. Ә дегенде-ақ маңдайшасына «Культтовары» деп жазылған есікті бірден тауып, кіріп бардық.

О-о, шіркін, мұнда не жоқ дей­сіз?! Сөре толы ойыншық. Көз қызық­тыратын заттар. Барабан, горн, шахмат тақтасы, теннис ракеткалары...

Құралбек екеуміз әрқайсысын бір ұстап көреміз де, ернімізді жы­бырлатып, есептей бастаймыз. Қалтамыздағы ақша жете ме, жетпей ме? Бұл әрине, бірінші мәселе.

Уһ, ақыры, сыныптағы қыздар­ға бір-бір блокнот, айна, тарақ алып, «сынып бюджетін» толық жаратып біттік.

Кенет менің назарым ортаңғы сөреде тұрған бір кітапқа түсе кетті. Мұқабасына дәл біздің мек­теп­тегідей қара тақтаның суреті салыныпты. Және оған: «Менің атым Қожа» деп жазған бір бала бізге күлімсіреп қарап тұр. Көзіме бірден жылыұшырады.

– Апай, анау қандай кітап? – дедім сатушыға қарап.

Дүкенші әйел арт жағындағы сө­реге қарай бұрылып:

– Ә-ә, мынау ма?! Бұл өте қы­зық кітап, – деді.

– Көрсетіңізші!

Шынымды айтсам, бұл сөздің аузы­мнан қалай шығып кеткенін өзім де білмеймін. Құралбек маған жалт қарады. Оның көзінен: «Біз барлық ақшамызды жаратып қой­дық қой!» деген сөзді оқыдым.

Бірақ дәл қазір менің қалтам­ның түбінде төрт бүктелген бес сомдық қағаз ақша жатқан болатын. Алайда оған қыздарға сый­лық ала қояйын деген ой басыма мүлде кіріп шыққан емес. Өйткені өмірде әркімнің-ақ өз арманы мен соған қарай ойластыратын ішкі есебі және қоры болады емес пе.

– Маған біреуін... жо-жоқ, екеуін беріңіз, – дедім сатушыға әлгі бес сомдықты ұсына беріп.

Екеу деген себебім, сонша жер­­ден бірге сапарлас болып кел­­­ген Құралбек досымның да кө­­ңі­лін қимай, сыйлық жасағым келгені ғой. Несі бар, сегізінші наурыз қыздардың мерекесі болса, бола берсін. Оған әлі екі күн бар. Әрі қыздардың мерекесі қар­саңында ұл балаларға сыйлық жа­сауға болмайды деген заң жоқ.

Сатушы менің ақшамды алып, енді қанша қайтаруы керек екенін шотқа салып, есептей бастағанда кенет Құралбектің аяқастынан тосын мінез көрсетіп:

– Осы ақшаның бәріне бере са­лыңыз, – демесі бар ма.

Ішім қылп ете қалды. Жәй айтса, бір сәрі, көзінен ұшқын жылт ете түсті. Әлденеге тәуекел етіп, өзін­ше бір мырзалық жасамаққа бел буған секілді.

* * *

Міне, екеуміз «Культтовардан» алған дүние-мүлкімізді көтеріп, жол шетінде Ақжарға қарай баратын көлік күтіп тұрмыз. Ауыл шеті болғандықтан, айналада ешкім жоқ. Әлгіндегі қызық кітаптың ал­ғашқы бетін ашып, үңіле бас­тадым. «Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отыр­мын – әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ер­те ұялады» деген әдепкі ашық-жар­қын сөйлемдерінің өзінен-ақ бұл дүниенің өте тартымды, шыншыл екені тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.

Бірақ осы, бақандай жетпіс бір тиын тұратын кітаптың бірден бе­сеуін сатып алуға мәжбүр еткен Құ­ралбекке іштей ренжулімін. Оның бәрін қайтпекпіз енді?.. Біреуі – маған, екіншісі – саған. Соның өзі жетіп жатыр емес пе.

Құралбекте үн жоқ. Жолға қа­рап, ойланып қалыпты. Ақыры ол да «Менің атым Қожаның» әуелгі бетін ашты.

Сол сол-ақ екен, кітаптан бас көтер­мей, жабысты да қалды. Тек анда-санда келесі бетке көш­кенін білдіріп, сытыр ете қалған па­рақтың дыбысы естіледі.

Күн батуға таяп қалғанда мұр­жа­сынан қою түтіні бұрқырап Мон­тай жақтан манағы өзіміз жар­масып келген тіркемелі трактор шығып келе жатты.

* * *

Ертеңіне, яғни 7 наурыз күні біз кешегі сыйлықтарымызды мек­тепке алып келдік. Қыздар да, ұл­дар да Құралбек екеумізге қарап жы­мыңдап, бүгін әдеттегіден өз­ге­ше бір жаңалық болатынын біліп жүр.

Уһ! Соңғы сабақ та аяқталды-ау бір кезде. Ағай сыныптан шыға салысымен Құралбек орнынан ұшып тұрып, бәріміздің бір сәтке бөгеле тұруымызды өтінді.

Сонсоң Монтайдан әкелген сыйлықтарымызды салған бөз қалтаны көтеріп, тақтаның алдына шығып:

– Қыздар, – деді салтанатты түрде. – Ертең сендердің ме­ре­келерің. Бұл біз үшін зор қуа­ныш. Сондықтан сендерді шын жүректен құттықтаймыз. Оқу­да озат, мектепте тәртіпті бо­лула­рыңа әрқашан тілектеспіз. Енді... мы­нау... ұлдардың өздеріңе ар­на­ған азын-аулақ сыйлығын қа­был алың­дар!

Паһ, шіркін! Сөз-ақ! Шын айтам. Дәл мұндай үлкен мерекеде өз басым бүйтіп сөйлей алмас едім. Өйткені көздері жәудіреп қарап отырған қыздардан ұяламын. Олар бүгін мәз болып қуанып отыр­­ғанымен, ертең мазақтап, сыр­тыңнан күліп жүруі мүмкін.

Ал енді сыйлықтарды таратып біттік-ау дегенде Құралбек бөз қалтаның түбінен кешегі өзі­міз сатып алған бес кітаптың төр­­теуін алып, үстелдің үстіне қой­ды. Балалар мойнын созып, бұл қандай кітап деп үңіліп қарап жатыр. Мұқабадағы қара баланың су­рет­ін көріп, таңғалып, бастарын шай­қайды.

«Бұ кім-ай?! Қожасы несі та­ғы?..» дейтін сияқты.

Міне, осы сәтте Құралбек та­­ғы да тапқырлық танытып, сы­нып­­тағы қыздарға да, ұлдарға да ой салатындай бір қызық сөз айт­ты.

– Біздің ең басты міндетіміз – жақсы оқу. Бірақ соны... өкінішке қарай, барлығымыз бірдей түсіне бермейміз. Тек арамыздағы бір-екі оқушы ғана кіл үздік оқиды. Олар – Гүлайым, Бағила, Тәттіқыз және Сырға. Сондықтан да біз оларға бүгін ерекше сыйлық жасамақпыз. Ол міне, мына кітап! Өте қызық. Мен өзім түнімен бас алмай оқып шық­тым!

Сөйтті де, ол әлгі аты аталған қыз­дарға кітапты өз қолымен апарып тапсырды.

Ұлдар түгел Құралбекке риза болып, ду қол шапалақтап жатыр. Әсіресе мынандай ерекше сый­лыққа ие болған қыздардың жү­зі қуаныштан бал-бұл жайнап, көз­дері ұшқын атуда.

«А-а, мәселенің мән-жайын енді түсіндім!» дегендей мен де ба­сымды шайқап, таңғалып тұр­мын.

Осыдан соң кешегі бес сомым­ның тектен-текке кетпегеніне кө­зім жетіп, іштей марқайып та қал­ған сияқтымын.

* * *

Бірақ сол күннің ертеңіне ме­нің басыма күтпеген жерден бір қа­ра бұлт үйіріле кетті.

Өздеріңізге жақсы мәлім, 8 нау­­рыз жылда демалыс күні болып жарияланады емес пе. Бұл кез­де оңтүстікте күн жылынып, қар еріп, көк шөп едәуір бой көте­ріп қалады.

Сондықтан мұндай күндері біз ауыл шетіндегі жасыл алаңда ар­ман­сыз доп теуіп, футбол ойна­ғанды ұнатамыз.

Кешке жақын сілем қатып, үй­ге әрең келсем, өзімнен кейінгі үш қа­рындасым есік алдында үрпиіп, ма­ған үрейлене қарап:

– Саған әжем ұрсып жатыр, – дейді ақырын ғана құлағыма сы­бырлап.

– Не болды?

– Білмейміз, – олар бір-біріне қа­рап, бастарын шайқайды, – қат­ты ашулы...

Аяғымды еппен басып, ішке кірдім.

– Бұ кім-әй?! – деген әжемнің даусы көп күттірген жоқ.

– Мен, әже, – дедім өзіме өзім сенім­сіздеу үн қатып.

– Ә-ә! Сен болсаң, ендеше, бері кел!

Біреу қолымнан тартып сүйре­гендей, әжем отырған бөлмеге әзер­ кір­дім.

– Әй, сен қаршадай болып, адам­дарды жік-жікке бөліп, алалау деген бәлені қайдан үйреніп жүрсің?!

Қақ төбеден төніп келіп, шаңқ ете қалған бүркітті енді ғана бай­қа­ған байғұс көжектей бүрісе кет­тім.

– Мен бүгін анау Сірнебайдың үйін­дегі құдайы тамақтан сен үшін жерге кірердей боп ұялып қайттым. Олардың сендермен бір­ге оқитын қызы кеше үйіне жы­лап кепті. Ұлдар бізді нашар оқи­сыңдар деп кемсітіп, төрт қыз­ға ғана кітап сыйлады. Ал бізге еш­теңе берген жоқ депті. Бұл не қыл­ған­дарың-ай, ә?!.

Мәссаған! Мен мұндай әңгіме­ні мүлде күтпесем керек. Әжеме не дерімді білмей, төмен қарап, кө­зім­мен жер шұқи бердім. Бар бол­ғаны ішімнен: «Ә-ә, бәрін бүл­діріп жүрген біздің сыныптағы Әсем екен ғой, – деймін. – Ештеңе бер­ген жоқ деп қалай айтады-ей ұялмай... Ал айна мен тарақ ше?.. Оны есепке алмағаны ғой сон­да?..».

– Біреу сабақты жақсы оқыр, бі­реу жаман оқыр, – деді әжем бір­те-бірте сабасына түсіп, даусын жұмсартып. – Білім қуғандар алыс­қа ұзап, өрлеп кетер. Ал бас­қасы ауыл­да қалып, еңбек етер. Әркімнің өз несібесі бар. Бірақ адамда көңіл деген болмай ма. Бұдан былай, біреуді артық, біреу­ді кем көрмей, көпшіл бол, қа­рағым!..

* * *

Сол түні мен көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіп жаттым. Расында да, біздің кешегі қылығымыз теріс болды-ау деген ой маза бермеді...

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу:
Сегізінші наурыздағы сыйлық (эссе) · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар