Қазақстан
5 мин оқу 2,445

«Рухани қазына» фестивалі басталды

<p>Кеше Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ел тарихында тұңғыш рет барлық өңірлердегі өнер және мәдениет қызметкерлерінің қатыстырылуымен елорда төрінде &laquo;Рухани қазына&raquo; фестивалі басталды.&nbsp;&nbsp;</p>

«Рухани қазына» фестивалі басталды

Фестивалді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­ха­медиұлы ашып, барша қатысушыларды мереке­сімен құттықтай келе, мұндай маңызды шараны ұйымдастырудағы мақ­сат – еліміз көлеміндегі мә­де­ниет және өнер саласы қыз­мет­керлерінің басын қосып, тәжі­рибе алмасу және өңірлердегі мә­дени нысандардың имиджін кө­теру екенін жеткізді.

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ласындағы игі идеяларды қол­­дау мақсатында аталмыш ми­нистрлік «Рухани қазына» ат­ты кіші бағдарлама әзірлеген екен. Осының бір саласы ретінде министрлік жанынан «Қасиетті Қа­зақстан» атты ғылыми-зерт­теу орталығы құрылып, ол өте мар­дымды жұмыстар атқарып жатыр. Атап айтқанда, ел аума­ғындағы қасиетті орын­­дардың ғылыми-сараптамалық анық­­тамалығы мен тізімін нақтылап, «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» атты виртуалды-ин­терактивті карта жасап үл­геріпті.

Сондай-ақ аталмыш бағ­дар­лама аясында ұлттық құнды­лықтарымызды насихаттау жайы да ойдағыдай іске асуда. Мәселен, өткен жылы АҚШ және Еуропа елдерінде Қазақстан киносының күндері өтсе, қазақ әдебиетінің жауһарларын ағылшын тіліне аудару әрекеті тиянақты жүріп жатыр. Еліміздің тарихи-мәде­ни символы «Алтын адам» ескерт­кішінің әлем музейлеріне шеру көрмесі ұйымдас­тырылыпты. Министрдің айтуынша, бұлардың барлығы Ұлы дала мәдениетін әлемге таныс­тыру мақсатында іске асырылып жатқан дүниелер екен.

Келесі кезекте сөз алған Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Оңдасын Оразалин, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы күллі қазақстандықтардың санасын жаңғыртуға бағытталған өте ауқымды мәдени жоба еке­ніне тоқталды.

Аталмыш жоба аясында былтыр ел көлемінде екі мыңнан ас­там шара ұйым­дас­тырылып, оған 85 миллиард теңге бөлінсе, оның 69 миллиарды демеушілер тарапынан қаржыландырылған. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жолында 735 мәдени ескерткіш қал­пына кел­тіріліп, 86 монография жа­рия­ланып, 134 археологиялық және этнографиялық экспедиция ұйымдастырылыпты. Ал үсті­міздегі жылдың алғашқы айларында 500-ден астам жоба іске асып, 2800-ге тарта мәдени шара өт­кізіліпті.

«Елбасының бағдарламалық мақа­ла­сында айтылған басты ба­ғыттың бірі – ұлттық код­ты сақтап, оны ұлттық патрио­тиз­мнің өзегіне айналдыру. Осы арқылы біз тарихымыз, дәс­түр-салтымыз және ұлттық мәде­ниетімізді сақтай аламыз. Бұл тұрғыдан алғанда «Туған жер» бағдарламасы осы істі жүзеге асыру үшін алты бағытта жұмыс жүргізіп жатыр», деді Оңдасын Сейілұлы.

Одан кейін рухани жаңғыру концеп­циясының «Атамекен» бағдарламасына жауапты Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов дәл қазір өздерінің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, қазақ тіліндегі жаңа 100 оқулықтың 18-нің тұсауы кесілсе, өткен жылы демеушілер арқылы 53 миллиард теңгеге 424 нысан салынып, 377 нысан күрделі жөндеуден өткен. Осылардың ішінде 36 мәдениет нысаны жаңадан салынып, 51-іне күрделі жөндеу жүргізіліпті. Мем­лекеттік жастар саясатына сәй­кес тұжырымдама-жоспар жа­ңартылып, нәтижесінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы бұрын 2 жылда бір рет беріліп келсе, бұдан былай жыл сайын берілетін болыпты.

Өз кезегінде сөз алған мәрте­белі жиын­ның құрметті қонағы, Италия­ның­ Милан қаласында орналас­қан «Амброзиана» Азия класс академия­сының ғалым хатшысы Канетта Эдуардо, кезін­дегі Ұлы Дала мәдениетінің бүгінгі өкілі ретінде қазақтар қазір Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жаңа дәуірге қадам жасауда десе, өңір өкілі ретінде пікір білдірген Павлодар об­лысы әкімінің орын­басары Мейрам Бегентаев бағ­дарлама аясында өз аймағында ат­қарылып жат­қан жұмыс барысымен таныс­тырды.

Фестиваль жұмысы келесі күні де жал­ғасады деп күтілуде. Яғни ер­тең Ұлттық академиялық кітапханада «Кітапхана жаһан­дану дәуіріндегі ұлт­тық құн­дылық» және «Музейлер: ғы­лым мен зерттеу қызметін дамыту діңгегі» атты пленарлық мәжілістер өтіп, отырысқа қа­тысқан мамандар өзара ой бө­лісіп, тәжірибе алмасады.

Мәдени шараның келесі бір маңыз­ды тұсы Мәдениет және спорт министр­лігі республика көлеміндегі барлық музейлерге қатысты «Рухани қазына» атты байқау жариялаған-тын. Байқау төмендегі аталымдар бойынша үздіктерді анықтамақ. Атап айтқанда: «облыстық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана және облыстық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана қызметкері, аудан­дық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана және аудан­дық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана қызметкері» дей­тін көрсеткіштер бойынша анықта­лады.

Бұл байқауға республика кө­ле­мінде қызмет көрсететін бар­лық деңгейдегі 238 музейден бәйгеге қатысуға 54 өті­нім тү­сіпті. Осылардан 12 музей үз­дік­тер қатарынан табылса, облыстық деңгейдегі үздік музей және кітапхана қызметкерінен 15 адам, ал аудандық үздік музей қызметкеріне 5 адам үміткер ретінде бағын сынапты.

– Бұл үміткерлер әуелі об­лыс­тық-аудан­дық іріктеуден өт­кендер, – дей­ді бізге жоғарыдағы мәліметті берген Мәдениет және өнер істері департа­менті музей және кітапханалар ісі бас­қармасының бас сарапшысы Назгүл Кәдірімбетова ханым. Бұл кісінің айтуынша, байқауға қа­тысушы мекемелерде ең бас­тысы ғылыми-шығармашылық жұмысының жүйелілігі, содан кейін материалдық-техникалық базасы мен экспонаттарды цифр­лы форматқа көшіру ісі басты назарда болады.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Қазақстан Жа­зушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын:

– Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасы­мен «Рухани қазына» фестивалі аясында жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды. Құрамына елі­міздің барлық өңірін қамти отырып, 30-ға жуық ақын-жа­зушы қабылданды. Бұл жерде жалпы жастар әдебиетінің негізгі мәселелері қаралып, тал­­­­қыланып, соған байланыс­ты министрлік тарапынан ше­шім­дер қабылданатын болады. 2018 жылдың 23 мамырын­да Ұлттық академиялық кітап­ханада Кеңестің алғашқы отырысы өтеді. Қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі мен жастар шы­­ғар­­машылығының әлем тіл­­деріне аударылу мәселесі жө­нінде баяндама жасалып, қызу пікір­талас болады деп күтілуде. Қазір әлеуметтік желі­лерден де, бұқаралық ақ­парат құралдарынан да көріп, ба­қылап отырмыз, бұл бастама жастар тарапынан үлкен қол­дау тауып отыр. Әрине қы­руар шаруа атқарып тас­тадық демейміз, бірақ ал­да жос­­пар көп. Жазушылар одағы негізінен басымдықты жас­тар шы­ғармашылығына беріп отыр. Соның бірі – Қа­зақ­­стан Жазу­шылар одағы жанынан Әде­биетшілер академия­сын аш­қымыз келеді. Бұл қалам­герлердің біліктілігін арттырып, «Болашақ» бағдар­ламасы негі­зінде шетелде білім алуына мүм­кіндік береді. Соны­мен қатар «Тұң­ғыш кі­тап» деген сериямен жас жазу­шылардың кітаптарын шы­ғару да жоспарымызда бар.

Ғабдол ӘУЕЗОВ,
Жезқазған тарихи-археологиялық музейі
Тарих және археология бөлімінің жетекшісі:

– Жезқазған тарихи-архео­логиялық музейіне биыл 40 жыл толып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сының аясында музейдің 40 жылдығына орай республика көлемінде музейлер фестивалін өткіздік. Байқауға 14 облыс түгел­імен қатысты. Үздік деп танылған ұжымдар арнайы дип­ломдармен марапатталды. Бұл қай музей ұжымы үшін де бір-бірімен тәжірибе алмасуда үл­кен пайдасын тигізгені сөзсіз. Жалпы, Жезқазған өңірі тарихи ескерткіштерге өте бай. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» арнайы жобасы негізінде Жезқазған, Ұлытау өңірінің табиғи ерекшеліктері мен тарихи-археологиялық маңызын жас жеткіншектер санасына сіңіру мақсатында көптеген нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Сондай жобалардың бірі – «Жас өлкетанушы», «Жас турист» үйірмелері. Бұл жобаның арқасында мектеп оқушылары өз елінің тарихымен танысуға кеңінен мүмкіндік алады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең негізгі мақсаты – ұлт санасын өсіру десек, бұл жобаның біздің өңірдің тарихи, экономикалық һәм сая­си дамуына қосар үлесі өте зор. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан «Рухани қазына – 2018» фестивалі – соған бағытталған негізгі қадамдардың бірі деп есептеймін.   

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу: