Білім
3 мин оқу 652

Астанада «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы өтті

<p style="text-align: justify;">Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай &laquo;Қолдайық, ауыл мектебін!&raquo; акциясы өтті. Еліміздің барлық өңірін қамтыған шараға оқушылар, ұстаздар, ата-аналар және демеушілер қатысты. Осылайша, кезекті оқу жылының соңымен тұспа-тұс келген акция аясында зияткерлік мектеп мерейтойы алыс ауылдарда да атап өтілді. Мәселен, өскемендік оқушылар облыс орталығынан 700 шақырым қашықтықта орналасқан Күршім ауданындағы Марқакөл жеріне сапарлады.&nbsp;&nbsp;</p> <div>&nbsp;</div>

Астанада «Қолдайық, ауыл мектебін!» акциясы өтті

«Қолдайық, ауыл мекте­бін!» акциясы аясында ауыл мек­тептеріне Алматы қаласындағы физика-ма­тематика бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебі құрастырған 3D принтерлері сыйға берілді. Ме­рекелік керуен шалғайдағы білім ошақтарына 6 мыңға жуық кітап, 3 мыңға тарта бөлме гүлде­рі және спорттық ойындарға арналған құралдарды да сыйлады. Әртүрлі әдебиеттерді зияткерлік мектептің оқушылары мен ұстаз­дары оқу орнында дәстүрге айнал­ған «Bookrossing» акциясы бо­йынша жинаған болатын. Ал сыныптарға ерекше сән берген өсімдіктерді зияткер­лік мектептің оқушылары мектептің жылыжайларында өсірді. Сондай-ақ мектептердің дәліз­деріне «Оқу. Іздену. Талап­тану», жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы әдістемелік тақталар ілінді. Ауыл балаларын әсіресе «100 кітап» жоба­сы, «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына негіз­дел­ген іс-шаралар ерекше қызық­тырды.

Ең әуелі «Назарбаев зияткер­лік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жәкеновтің тартуын Ақмола облысындағы Қазқалашық ауылының мектебі иеленді. Қазқалашық оқушылары зияткерлік мектептердің он жыл­дығына орай «Black & Whitе» студиясы түсіріп жатқан «10 жыл­дық белестер» атты деректі фильмнің кейіпкерлері де болды. Ал Алматы қаласындағы физи­ка-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қауымдастығы жуырда жарық­қа шыққан «Бастау» атты оқушы­лардың шығармалар жинағын Жамбыл ауданының мектебіне табыстаса, Шымкент өңірінде аталған акция сенбіліктен бас­талды. Аймақтағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің ұстаз­дары мен оқушылары Төле би ауда­нындағы Тасарық ауы­лына екі күн бұрын арнайы келіп мектептің қабырғаларын бе­зен­дірді. Мұндағы оқу орны­ның екінші қабатына қазақ­тың әйгілі ғұламалары әл-Фара­би, Абай, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұр­сы­новтың асыл сөздері жа­зылған туын­дылары ілініп, Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрышы жә­не ақпараттық стенд орналасты. 

– Әріптестерімізге еліміздегі жетекші мектептердің үздік оқы­тушылары мен дарынды шәкірттері арнайы келіп, бұрын болмаған мереке ұйымдастырды, – дейді Павлодар облысындағы Майқайың орта мектебінің директоры Самал Сақтасынқызы. Оның айтуынша, Баянауылда Назарбаев мектебінің күні өткі­зілетінін естіген өзге де серіктес мектептердің мұғалімдері атал­ған шараға арнайы келіп, тәжі­рибе алаңына қосылған екен.

«Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» дербес білім беру ұйы­­мы басқарма төрағасының орынбасары Назипа Аюбаева Жамбыл облысындағы Қостөбе орта мектебінде болды. Ол өз кездесуінде NIS Рrogramme оқыту бағдарламасының халықаралық деңгейде мойындалғанын рас­тады. «Бес жыл бұрын жұмы­сымызды бастағанда көбі күдік­пен қарады. Бүгін ұжымдық еңбек­тің жемісін көріп отырмыз. Өйткені барлық аймақта құрылған Назарбаев зияткерлік мектеп­тері орта білім беру ұйым­дарын жетелеп келеді», деді Назипа Алтынбекқызы. 

Осы іспетті «Ойлау дизайны», үштілділік, «CLIL» әдісі, «STEAM-XXI ғасырға қажетті дағды­ларды дамытудың жаңа жолы» негізінде оқушылардың зерт­теушілік қабілетін арттыру бағытындағы сұрақтар Ақтө­бе облысының Мәртөк ауда­нындағы Родников орта мек­тебінде талқыға түсті. «Қол­дайық, ауыл мектебін!» акциясы Атырау облысындағы Жан­бай ауылының мәдениет үйін­­де қорытындыланды. Мұн­да атыраулық балалар Әбіш Кекілбаевтың «Ақырғы аялдама» шығармасын сахналық драма және көлеңке театры арқылы ұсынды. 

Акцияға Тұңғыш Прези­дент кітапханасы қолдау көр­сетті. «Абырой» ұлттық құн­ды­­лықтарды дамыту қоры, белгілі медиаменеджер Би­бігүл Жексенбай мыңдаған шығар­маларды, Мұқағали Мақа­таев­тың өлеңдер жинағының электронды нұсқасын сыйға тартты. Шалғайдағы мектептерге кең көлемді кітап қорын табыстауға «Деловой мир Астана» ЖШС ерекше қолдау білдірді. Ал «Қазцинк» металлургиялық ком­­паниясының қаржылай қолдауы­мен 300-ге тарта футбол, баскетбол және волейбол доптары сатып алынды.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу: