Білім
2 мин оқу 472

ҚазҰУ әлемнің үздік 220 университеті қатарына кірді

<p>Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университет арасында 220 орынға табан тіреп, QS &laquo;World University Rankings&raquo; халықаралық рейтингінде тағы да 16 сатыға жоғарылады. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет кірді. Олар: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ).&nbsp;</p>

ҚазҰУ әлемнің үздік 220 университеті қатарына кірді

Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындары алдына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойғаны мәлім. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойын­дал­ған еліміздің жетекші университеті ретін­де осы маңызды мемлекеттік тапсыр­маны іске асыруда мақсатты жұмыс атқа­рып келеді. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингінде 400-ден астам позицияға көтерілген. Әлемдік тәжі­ри­беде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбеген көрінеді.

QS әлемдегі барша мемлекеттермен танылған беделді және көптеген жылдар бойы әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингін жүр­гізіп келе жатқан ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі.

ҚазҰУ-дің осы рейтингте табыс­ты ілгерілеуінің маңызды факторы кең ауқымды құрылымдық жаңғырту, нәтижеге бағытталған басқарудың жоғары тиімділігі, сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде 40 пайызға өскен бірегей инфрақұрылымның қарқынды дамуы деп айтуға болады. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын сақтай отырып, ҚазҰУ медицина-биологиялық және инновациялық ІТ кластерін қалыптастыру бойынша жұмыс жасауда. Оның негізін жаңа суперкомпьютер құрайтын болады.

Университеттің әлемдік деңгейде танылуы тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдар­ла­ма­сының Ғаламдық хабы ретінде бел­сенді қызметімен және оның халық­ара­лық жобаларымен де байланысты. Олардың ішінде ҚазҰУ ұсынған инно­вациялық-технологиялық және руха­ни-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделі бар.

Бүгінде аталған оқу орнының таңға­ларлық тәжірибесін әлемнің жетек­ші университеттері зерттеу үстінде, бұл универ­ситеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін ескере отырып, «QS Worldwide» атқару кеңесі 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде бүкіләлемдік форум және жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін айғақтайды және елдің жоғары білім беру жүйесін алға жылжытуға ықпал ететін болады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

Бөлісу:
ҚазҰУ әлемнің үздік 220 университеті қатарына кірді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар