Әдебиет
2 мин оқу 940

Алматыда көркемсөз жеңімпаздары анықталды

<p style="text-align: justify;">Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы &laquo;Рухани жаңғыру&raquo; бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай &laquo;Көркемсөз оқу шеберлері&raquo; қалалық конкурсын өткізді.</p>

Алматыда көркемсөз жеңімпаздары анықталды

Талантты жастар арасында ұйымдастырылып отырған сөз жарысының мақсаты қашанда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын кеңі­­нен насихаттау, талантты жастарды жан-жақты қолдау болып табылады. Байқауға қатысқан 17-29 жас аралығындағы жастар көркемсөз оқу сайысын жоғары деңгейде өткізді деуге негіз бар. Қатысушыларға қатаң талаптар қойылды. Өнер саласының мамандары, осы саладағы оқу орын­да­рының студенттері мен өткен жылдар­дағы жеңім­паз­дары байқауға жіберілмеді. Аталған сөз жарысына қала аудан­дарынан жүл­дегер болып табылған жеңім­паздар қатыс­тырылды.

Байқаудың шарты бо­йын­ша қатысушылар проза, поэ­зия, драма кезеңдері бо­­­йынша қазақтың белгілі ақын-жа­­зу­шыларының, дра­­­матург­тері­нің шығар­ма­­ларынан жатқа үзінді оқыды. Шығармалар Қазақстан, туған жер, тәуел­­сіздік, Астана тақы­ры­п­­­та­рын қамтыды.

Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Г.Есе­това, Мем­ле­кеттік қуыр­шақ театры әде­биет бөлі­мінің меңгерушісі Ж.Ах­метова, ақын, «Сер­пер»­ сый­лығының лауреаты­ Е.Жұмабек қазылар ал­қа­сының құрамында қаты­сушылардың көркем мә­тінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл таза­лығына, мәтінді таң­дау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударды. Осы­лайша «Жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар» шыққан көркемсөз сайы­сында бас жүлде Дастан Бекнұрға бұйырды. І орынды Динара Баймұхамбетова ен­шілесе, ІІ орынды Талант Ха­сенов, ІІІ орынды Шоқан Құлназаров иеленді. Мәнер­лі сөз сөйлеп Нұрлан Бақыт­жанов, әуезді сөзімен Ақниет Аманхан ерекшеленді. Ермек Тұр­ғанбеков, Әсем Әбдімәу­ленова, Рақымжан Қалдыкөз ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы Б.Қалымбет салтанатты жағдайда марапаттады.

Байқаудың бас жүл­де­гері Абай атындағы көр­кем­сөз оқу шеберлерінің рес­­публикалық байқауына қа­тысатын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Алматыда көркемсөз жеңімпаздары анықталды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар