Қазақстан
3 мин оқу 710

Таулы Алтайдың ең биігін бағындырды

<p>Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының, Азия даму банкі, Еуропа Қайта Құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және &laquo;Kazakh Tourism&raquo; Ұлттық компаниясының өкілдері мен жергілікті экологтардан құралған халықаралық экспедиция&nbsp; 23 маусым мен 1 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысындағы Таулы Алтайдың Белуха шыңын (4509 метр) бағындырды.</p>

Таулы Алтайдың ең биігін бағындырды

Сондай-ақ экспедицияның құрамында биіктігі сегіз мың метр­ден асатын барлық шың­дарды бағындырған Қазақ­станның атақ­ты альпинисі Василий Певцов және Өскемен қаласының жас алпинистері болды. Белуха шы­ңын бағындыруда 30 сарапшыдан тұратын команда үш шағын топқа бөлінді: Бірінші топ Тұрақты даму мақсаттарының туын шыңға ілу мен Белуха тауын бағындырумен ай­на­лысты, екіншісі – тауда жаңа турис­тік маршруттарды салумен, ал үшінші топ қазіргі маршруттарды зерт­теп, оны жақсарту үшін ұсыныс да­йындады. Бірлескен жұмыс Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы және Ка­тон­қарағай ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

«Мені Катонқарағай ұлттық пар­­кінің тамаша табиғаты мен­ оның  био­алуантүрлілігі таңғалдырды. Тау шы­ңына шы­ғудың өзі оңай болған жоқ, бі­рақ біз өзіміздің бірлігіміздің ар­­қа­сында шыңға қол жеткізе ал­дық. Өйткені тау адамның төзім­ділігін тексереді. Қиын­дық­­тарға қарамастан команда болып тіл табысудың арқасында қиындықтарды жеңе білдік, алға қойған мақсатымызға қол жеткіздік», дейді Еу­ропа Қай­та Құру және даму банкі Қазақ­стандағы өкілдігі дирек­торының орынбасары Асқар Намазбаев.  

«Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының шең­берінде біз Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында экотуризмді дамыту мақсатын көздеген едік. Бүгінде паркке жылына шамамен 3500 адам келеді екен. Бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан экотуризмді дамыту үшін аль­пи­низмді, атты, жаяу және ав­токөлік маршруттарын қатар қол­дануымыз қажет», деді БҰҰ ДБ биоалуантүрлілік жөніндегі менед­жері Талғат Кертешев.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бөлімінің басшысы Ирина Горюнова Алтайдың табиғатын тамашалау барысында біраз дүниеге көз жеткізгенін айтады. Оның айтуынша, жергілікті тұр­ғын­дар бұл аймақта жаппай ту­ризмді дамытудың орнына тек табиғатты сүйетін, аялайтын туристерді тарту керек деген ұсы­ныс білдірген. Өз кезегінде Ирина Горюнова жергілікті тұр­ғындармен қоян-қолтық араласып, олардың мәселелерін шешуге көмектесетінін жеткізді. 

«Біз экспедиция барысында тұр­ғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдадық. Осы кездесуден соң күрмеуі шешілмей тұрған біраз мәселелерге көз жет­кіздік. Енді осы мәселелерді тұрғындармен бірлесе отырып шешетін боламыз. Сондай-ақ ара шаруашылығы мен жылқы тұқымын өсіру, пантокринмен емдеу және өңірдегі қонақүйлерінің жұмысы туралы ақпаратқа қанық болдық», деді ол. 

Ал «Kazakh Tourism» ұлттық ком­паниясы шілде айынан бас­тап Қазақстанның бүкіл аймақ­тары бойынша елорданың 20 жылдығына орай 20 табиғи мекенге арналған экспедиция­сын бастайтынын жариялады. Сон­­дай-ақ осы шара аясында Шы­ғыс Қазақстан аймағына қай­та келетіндерін жеткізді. «Тамыз айының өзінде-ақ «Алтай – өр­кениеттің бесігі» экс­­пе­дициясының шеңберінде біз Қазақстанның әйгілі жиһан­герлері, блогерлері және БАҚ өкілдерімен бірге Шығыс Қазақ­станға қайта оралатын бола­мыз», деп атап өтті Kazakh Tourism ҰК PR және маркетинг департаментінің директоры Ду­лат Иман.

«Уақыт бойынша Белуха тауына көтерілетін ең тиімді шақ – бұл шілденің 15-інен бастап тамыздың 15-іне дейінгі кез болатын. Бірақ біз бұл кезеңді  Аста­наның жиырма жылдық мерейтойымен құттықтау үшін әдейі таңдап алдық. Со­ны­мен қатар елорданың жалауын Алтайдың ең биік нүктесіне тіктік», деді Қазақ­стандағы Азия банкінің басшысы Джованни Капаннелли.

Жоба шеңберінде экспедиция туралы деректі фильм жасалып, жергілікті туристік маршруттар көбейтіліп, осылар жайында материалдар дайындалатын болады. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Бөлісу:
Таулы Алтайдың ең биігін бағындырды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар