Өнер
2 мин оқу 670

Үшқоңыр келбеті елордада

<p style="text-align: justify;">Ұлттық музейде Астананың 20 жылдық мерейтойы шеңберінде &laquo;Үшқоңыр&raquo; көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеде Елбасының &laquo;Үшқоңыр&raquo; атты қанатты сөздер жинағына кірген суретшілердің туындылары көрсетілді.</p>

Үшқоңыр келбеті елордада

2017 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Тұңғыш Президент күні қарсаңында жарыққа шыққан, қазақстандық суретшілердің еңбектерімен безендірілген «Үш­қоңыр» атты қанатты сөздер жи­нағына Елбасының жүрекжарды тебіреністері мен туған жеріне деген ыстық махаббаты жайлы қанатты сөздері топтастырылған.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Ма­рал Балтышев: «Бұл көрмеде Елбасының балалық шағынан бастап, мемлекет қайраткеріне дейінгі қалыптасу жолымен қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы таныса аласыздар. Елбасымыздың барлық өмір жолы – егемен еліміздің өркендеп өсуіне қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз бен Тәуелсіз Қазақстан. Мемлекет басшысы Қазақстан тарихындағы шешуші кезеңде еркіндік пен Тәуелсіздікті аңсаған халықтың асыл арманын орындады. Бүгінгі көрме Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арман-аңсарын, мақсат-мүддесін айқын көрсетеді деп ойлаймын», деді.

«Үшқоңыр» көрмесі  Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған өлкесі Үшқоңыр елді ме­ке­ніне арналған. Елбасы өзінің әрбір Жол­дауларында, әңгімелерінде, Үш­қоңыр жайлы кітаптарында Отан жайлы сыр шерте келе, ата-ба­ба жерінің рухани қолдаушы ре­тін­де қалай желеп-жебеп жү­ре­тіндігін қайталаудан жалыққан емес.

«Золотая книга» баспа үйі­нің бас редакторы Вячеслав Тите­нев: «Үшқоңыр» жинағы Руха­ни жаңғыру бағдарламасы аясын­да жүзеге асырылған жоба. Бұл кітап арқылы Елбасының туған жеріне деген махаббатын көрсеткіміз келді. Әр адамның туған жері – оның ыстық мекені. Қарапайым отбасында, қазақ ауылында тәрбиеленген ауыл баласынан Мемлекет ­басшысы қалай қалыптасқанын сурет­тер арқылы насихаттағымыз келді. Елбасының естеліктерін суретпен бейнелеп бердік», деп «Үшқоңыр» кітабы туралы айтып өтті. 

Көрмеге Б.Армат, А.Чун­чалинов, Х.Қиқимов, Ж.Абдра­ман, Б.Нұрмағанбетов, В.Сла­бос­­пицкая, Т.Байғалиев, Қазақ­стан Ұлттық музейі қорынан Ә.Қастеев, С.Айтбаевтың және т.б. су­рет­ші­лердің туындылары қойылған.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу:
Үшқоңыр келбеті елордада · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар