Жаңалықтар
4 мин оқу 2,317
Ықыласты құттықтаулар мен ізгі тілектер легі
Мемлекет басшысының атына ел, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың өкілдерінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев «Қазақстан өткен жылдар ішінде өз Президентінің дана басшылығымен экономикалық және қоғамдық-саяси жаңарулар, өзінің халықаралық беделін нығайту ісінде айтарлықтай табыстарға жетті» деп атап өткен.
Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежад құттықтау хатында Қазақстан өзінің дамуы мен гүлденуі жолында алдағы уақытта да үлкен табыстарға жететініне сенім білдірген.
Өзінің құттықтау хатында Корея Республикасының Президенті Ли Мён-Бак: «Мен Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының ортақ мүддесіне, өзара құрмет пен халықтар достығына негізделген ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенемін», деп атап өткен.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының атына келген құттықтау жеделхаттарын Ұлыбритания Королевасы ІІ Елизавета, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэдорж, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Грекия Республикасының Президенті Каролос Папулиас, Бельгия Королі Альберт ІІ, Нидерланды Королевасы Беатрикс, Индонезия Республикасының Президенті Сусило Бамбанг Юдойоно жолдаған.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты халықаралық ұйымдардың өкілдері құттықтады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевтің жеделхатында былай делінген: «Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда және нығайтуда зор табыстарға, сондай-ақ елдің халықаралық аренада беделінің үдемелі артуына қол жеткізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаған елдің бірі бола отырып, Қазақстан ШЫҰ аясында орныққан тату көршілестік, өзара түсіністік және сындарлы әріптестік қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосты».
ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Таир Мансұров: «Қазіргі заманғы Қазақстанды құрушы, бүкілхалықтық танымал Ұлт көшбасшысы ретінде Сіз елдің үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мемлекеттік саясатты дәйекті түрде және сеніммен жүзеге асырып келесіз. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын біздің елімізді жалпыәлемдік үдерістерге белсене қатысқан, демократиялық мемлекеттер қатарына шығарған орасан жетістіктерімен қарсы алды. Еуразиялық одақтас мемлекеттерді қалыптастырудағы көпшілік мойындаған серпінді идеяңыз Сіздің қажырлы қызметіңіздің арқасында Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуын іске асырды», деп атап өткен.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күнімен құттықтауларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Маргарет Ченнен, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевтен, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Михаил Кротовтан, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Халел Бәкеновтен алды.
* * *
Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен Қазақстанның іскер топ өкілдері құттықтайды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. «Arcelor Mittal» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Лакшми Митталдың хатында былай делінген: «Бұл – соңғы 20 жыл бойы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жаңғырту және нығайтуда үлкен жолды жүріп өткен ұлт үшін елеулі кезең. Қазақстанның табысы Сіздің айналаңызға топтасқан халықтың ұжымдық күш-жігерінің орасан нәтижесі болып табылады. Сізге және Қазақстан Республикасының халқына бейбітшілік, бақыт және гүлдену тілейміз». Ал «ENRC» компаниясының акционерлері Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовтің құттықтау жеделхатында «Бүгінгі Қазақстан – өшпес рухани құндылықтарын қайта өркендетіп, бабалар дәстүрін келешекпен берік үйлестіре отырып, алға ұмтылған, өзінің бай әлеуетін іске асыру жолында қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Осының бәрі көп жағдайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсаткерлік, жауапкершілік, дана және көреген қасиеттерінің арқасында мүмкін болды», деп атап өтілген. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник құттықтау хатында Қазақстан жаңа өндіріс орындарын құрып, инновациялық-техникалық және технологиялық шешімдерді басшылыққа ала отырып, мемлекеттің гүлденуі мен әрбір қазақстандықтың игілігі үшін одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысын «Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Скотт Дэвис, «Kazzinc» ЖШС басшылары Никола Попович пен Геннадий Зилбберберг, «OKAN» компаниясының басқарма төрағасы Бекир Окан құттықтаған.* * *
Мемлекет басшысының атына зиялы қауым өкілдерінен, мекеме басшыларынан, кәсіпкерлерден және қарапайым азаматтардан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар мен жеделхаттар легі толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Хат иелері еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктеріне, Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалап, экономикасы тұрақты, халқы ынтымақты, әлемге танымал, іргелі ел құрып, өркендеудің қазақстандық жолына бастаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегіне кеңінен тоқталып, саралап көрсеткен. Жазушы А.Мекебаев өз құттықтауында: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақ елі үшін Тәуелсіздік символына айналған ұлы тұлғасыз. Сонымен қатар, түрлі замандарда қилы қасіретті бастан көп кешкен ұлттың арасынан дараланып шығып, елін Тәуелсіздікке жеткізген дара тұлғасыз. Сіз ерекше көрегенділікпен бірнеше ғасырға созылуы мүмкін күрделі жұмыстарды 20 жыл ішінде атқара алдыңыз. Халқыңызды мұратына жеткіздіңіз», деп жазады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысын Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, өз ұжымдары атынан жүрекжарды тілектерін білдіріп, құттықтаулар жолдағандар қатарында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Б.Ақшолақов, көкшетаулық кәсіпкер Е.Құрманғалиұлы, т.б. бар. Хат иелері өз құттықтауларында Тұңғыш Президентіміздің еңбегінің нәтижесінде еліміздің 20 жыл ішінде экономикасы өркендеген, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді берік орнықтырған абыройлы мемлекетке айналғанын айта келе, Ұлт көшбасшысының тәуелсіздікті орнықтыру жолындағы қызметіне зор баға берген. Осындай мазмұндағы хаттар Ақтөбе облысы Ырғыз ауылының тұрғыны, зейнеткер Ж.Дербісов, Жамбыл облысы Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны М.Рахметулла, Қазалы қаласының тұрғыны З.Баймаханова, Семей қаласының тұрғыны Е.Оразалиннен келді.Бөлісу: