Қазақстан
1 мин оқу 380

Азиада чемпионына пәтер сыйлады

<p style="text-align: justify;">Индонезияда өткен ХVІІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрама командасының сапында Қарағанды облысынан 34 спортшы өнер көрсеткен болатын. Олардың ішінде 11 саңлақ жүлдегер атанып, елге олжалы оралды.&nbsp;</p>

Азиада чемпионына пәтер сыйлады

Азиада додасында аты озған атлеттердің ішінде күміс ме­дальді командалық сында иеленген дзюдошылар Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов және Санжар Жаборов бар. Сондай-ақ  қыздар күресінен Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов, джи-джитсудан Нұржан Сейдуәли, самбодан Бейімбет Қанжанов, мәнерлеп жүзуден апалы-сіңлілі Екатерина және Александра Немичтер, жеңіл атлетикадан Римма Каша­футдинова қола жүлдеге қол жеткізген. Ал Қара­ғанды облысы­на жалғыз алтын медальді жезқазғандық самбошы Бағлан Ибрагим сыйлаған болатын.

Бұрнағы күні Қарағанды облы­сының әкімі Ерлан Қошанов Азия ойындарында Қарағанды облысының намысын лайықты қорғаған бір топ спортшы мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, оларға сый-сияпат көрсетті.

– Барша қарағандылықтар мен жанкүйерлер атынан сіздерге алғыс айтқым келеді. Азия ойындарындағы жеңіс – біздің ортақ жеңісіміз, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі Азиаданың алтын жүлдегеріне 1,5 миллион теңге, 2-ші және 3-орын алған атлеттерге, сәйкесінше 1 миллио­н теңге және 750 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті. Ең басты сыйлыққа Азиада чемпио­ны Бағлан Ибрагим ие болды. Өңір басшысы оның қолына жаңа пәтердің кілтін ұстатты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Бөлісу:
Азиада чемпионына пәтер сыйлады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар