Аймақтар
2 мин оқу 881

Жануарларға күрке жасап, азық дайындайды

<p style="text-align: justify;">Биылғы жыл өңірде &laquo;Экология жылы&raquo; деп жариялаған-ды. Осы бастамаға орай облыста 9,5 гектар жерге қарағай отырғызылды. Орманшылар жаңа егілген қарағайларды жаз бойы күтіп-баптапты. Олар орман мекемелеріне қарасты 9799 гектар жердің бабын тауып отыр.&nbsp;&nbsp;</p>

Жануарларға күрке жасап, азық дайындайды

Облыс орталығындағы Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты Павлодар, Жаңаауыл, Чернорецк, Ямышев, Черное және Көктөбе орманшылықтары бар. Бір орманшы қарамағындағы 1 мың гектар алқапқа бас-көз болады. Өрттен, заңсыз ағаш кесушілерден, аңшылардан қорғайды. Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты аумақта аң аулауға тыйым салынған. Мақсат – өңірдегі орман қорын қорғау, сақтау, ағаштарды өсіру, жануарлар әлемін қорғау, олардың өсімін көбейтуге үлес қосу. Сондықтан жергілікті әкімдік, төтен­ше жағдай, жергілікті полиция, ор­ман­шылық басқармасынан құралған об­лыстық штаб құрылса деген ұсыныс айтып отыр орманшылар.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, биыл өңір­дегі Үрлітүп, Павлодар, Лебяжі ор­ман ша­ру­а­­шылықтарына өрт сөндіру көлік­тері, моторлы қайықтар, тракторлар беріліпті. 

Қазір орманшылар жануарлардың азы­ғын дайындауға кірісіп кеткен. Олар жыл сайын қыс келерде жабайы жануар­ларға қорек тасиды. Табиғат жанашыр­лары жабайы жануарларға арнап жемшөп салатын астаулар орнатқан. Астауларға шөп, тұз салып кетеді.

Орманшылар жабайы аң-құстардың есебін де жүргізеді. Осы көрсеткіш арқылы аң аулау лимиті белгіленеді. 

– Жануарларға қыс кезінде қалың қар астынан азық табу қиын. Сондықтан биотехникалық шаралар аясында 300 кило тұз, ағаш бұтақтарынан буып жасалған 1600 дана азық, 6 тонна шөп дайындалды. Күзде жауыннан, қыста аяздан, бораннан қорғайтын күркелер жасалды. Аңдардың азығына лайықты кесілген ағаштардың діңгектері ойылып, арнайы астаулар ілініп, жемшөп салынады, – дейді орманшылар. 

Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының мәліметінше, елімізде 2016 жылы көктемгі аңшы­лыққа тыйым салынғаннан кейін биыл өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі құстардың саны 20 пайызға өсіпті. Мысалы, үйрек 1091300-ге, қаз 49965-ке, қасқалдақ 193130-ға, шіл 49066-ға дейін жетіпті. 

Көбейгені жақсы-ақ еді, биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында үйрек, қаз, қасқалдақ, құр, балшықшы құсын, бөдене мен көгершін, қоян, түлкі, қарсақ аулауға рұқсат беріліпті. Күзгі аңшылық маусымында өңірде 800-дей аңшы жабайы құстар мен аңдарды аулауға шығатын көрінеді. 
 Иә, айтса айтқандай-ақ, аң-құс, орман-тоғай біздің байлығымыз. Орман­шылар болса аң-құстардың қыста жейтін азығына дейін дайындап беріп, күркесін жасап, аялап, қамқорлық көрсетуде. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Бөлісу: