Қазақстан
3 мин оқу 390

Тамаша табыстың сыры

<p style="text-align: justify;">Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында &laquo;Ақылды технологияларды&raquo; қолдану қажет деген тапсырмасы жергілікті жерде осы іспен айналысатындарды қанаттандыра түсуде. Шынында да, көне соқпақтың көсегені көгертпейтіндігі белгілі. Бұл ара&shy;да&shy;ғы шешуші тетіктердің бірі &ndash; агроөнеркәсіп саласын цифр&shy;ландыру.&nbsp; &nbsp;</p>

Тамаша табыстың сыры

Цифрландырудың арқа­сында «Атамекен-Агро» акцио­нерлік қоғамының ауқымды ісі табысты арнада тоғысып жат­қандығын бүгінде көз көріп отыр. Ауыл­шаруашылығы өнімдерін молынан өндіру мен өңдеу бірнеше есеге көбейген. Астықты Ақмола облысында цифрландыруды өз істеріне негізгі серпін ретінде алып, түбегейлі қолданысқа енгізіп отырған, сөйтіп ауыл­шаруа­шылығы өнімдерін молынан өндіруге бағыт алып отырған ұжымның бірі – «Ата­мекен-Агро» акционерлік қоға­мы. Табыс сыры − ең алдымен цифр­­ландыру, негізінен ілкі­дегі тә­жірибе мен жаңа заман­ғы жа­ңа­лықтарды ұштас­тыра бі­луінде. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев еңбек өнімді­лігін ұл­ғайтып, ауылшаруа­шы­лы­ғының өңделген өнімін бес жыл ішінде  2,5 есе ұлғайту туралы міндет жүктегені белгілі. Бүгінгі таңда облыс қана емес, еліміз бойынша ауылшаруашылығы саласында цифрландыру бо­йынша көш бас­тап келе жатқан кәсіпорынның Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауға толық мүмкіндігі бар. 

Ағымдағы жылы «Атаме­кен-Агро» компаниясы елі­міз бойынша өткізілген агроөнер­кә­сіп кешенін цифрландыру бай­қауында жеңімпаз ретінде таныл­ды. Қазіргі таңда астық егі­летін алқаптарға ғарыш­тан мо­ниторинг жүргізу мүм­кін­дігіне ие. Осылайша барлық агро­тех­никалық шараларға тиіс­ті сараптама жасай алады. Оның үстіне алқаптар кес­те­­сін белгілеу, қай танапқа қан­­дай тұқым сіңірілгендігін, оның өнімділігін, топырақтың құ­нарын електен өткізіп, ең соңын­да өндірілген өнімді сақ­тау мен өңдеу үрдістерін де осы цифр­ландырудың арқа­сын­­да бақылай алады. Бүгінгі таңда ілкім­ді жаңалықтың арқа­сында еңбек өнімділігі екі есе көбейген. 

Компанияның жер көлемі көп. Нақтырақ айтсақ, 260 мың гектар жерді құрайды. Осын­шама алқапқа егілетін да­қыл түрі де аз емес. Мәселен, кей­бір шаруашылықтар тек бидай, арпа егуге маманданса, бұл кәсіп­орын жиырмадан ас­там дақыл түрін өсіруде. Ком­па­ния мамандарының айтуына қара­ғанда, жыл сайын ал­қап­­тардың құнарын, егілген тұ­қым­ның қаншалықты тиімді екен­дігін ақыл таразысына салып екшеп отыру керек. Бұл ұлан-ға­йыр жұмысты цифрландырусыз атқару мүмкін емес. Оның үстіне қолда бар техникаларды ұтымды пайдаланған жөн.     

Жерді игеру, агротехникалық шараларды уақтылы атқару ең ал­дымен материалдық-тех­ни­ка­лық мүмкіндікке байланысты екендігі әлмисақтан белгілі. Сондықтан мұнда машина-трактор паркін жаңалауға жете мән беріліп отыр. Соңғы жылдары компания 270 ауылшаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде қуаты жо­ғары астық комбайндары, егіс кешендері, топырақ өңдей­тін агрегаттар мен еңбек өнім­ділігі жоғары тракторлар бар. 

Өнім молайған соң оны сақ­тау мәселесіне де жеткілікті назар аударылған. Соңғы жыл­дары астық сақтайтын қамба­лар­дың да мүмкіндігі молайып келеді. Бүгінде 500 мың тонна дақыл сақтауға қауметтері толық жетеді. Есепті кезең ішінде 7 миллиард теңгеден ас­там инвестиция құйылды. Осы ин­вес­тицияның арқасында да­қыл өндіру мәдениеті көп-көрім жақсарып қалды. Өнім көлемі де өсе түсті. Мәселен, өткен жыл­дардағы қол жеткізген та­быс деңгейінен 25 пайыз ар­тық өнім жинау мүмкіндігі туып  отыр. 2017 жылы тауар­лы өнім көлемі одан арғы жылмен салыстырғанда 136,5 мың тон­наға немесе 41 пайызға көбейді. Сөйтіп ұзын-ырғасы 463 мың тоннаны құрады. 

Табыстың тайқазанын та­сыт­қан компанияның жұмыс ырғағында көп құпия да жоқ. Бары заман талабына сай цифр­ландыру үрдісін қуаттауы. Ендігі арада бір кезде ілкімді са­нал­ғанымен, көнерген әдіс­терді қоя тұрып, тиімділігі көз­ге ұрып тұрған жаңаның жалы­на жармасқан ләзім. Бұл ауыл­шаруашылығын  түбе­гей­лі тиімді арнаға бұратын цифрландыру технологиясы.      

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Бөлісу:
Тамаша табыстың сыры · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар