Жаңалықтар
3 мин оқу 495

Атқарылуы тиіс шаруа аз емес

<p style="text-align: justify;">Болашақ &ndash; білімді жастардың қолында. Жастар жылының салтанаты ашылуы тәуелсіздік ұрпақтарының алдағы бағыт-бағдарына үлкен бір серпін бергендей. Жарқын болашаққа ұмтылған тәуелсіз еліміздің азаматтары үшін өткен тарихты білу, құрметтеу, насихаттау қасиетті борыш болып саналады.&nbsp;</p>

Атқарылуы тиіс шаруа аз емес

Жастарға қолдау білдіруді мемлекеттік маңызды міндеттердің бірі екендігін тұрақты назарға алып отыратын Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сындағы бағыттарды жүзеге асыруда жас ғалымдарға жүктелетін жауапкершілік жоғары. Президент мақаласында айтылғандай, тарихымызды білу арқылы біз өз түп-тамырымызды танимыз, өткен күн­дердегі күрмеуі қиын мәселелер­дің анық-қанығына көз жеткізе­­міз. Әсіресе, мақалада ежелгі дәуір­­ден қазіргі заманға дейінгі кезең­ді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеу­лі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағ­дар­ламасын жасау туралы айтылғаны белгілі. Осы бағытта алдағы уақыт­та Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары мұ­ра­ғат қорларымен байланысын ны­ғай­тып, қазақ тарихына қатыс­ты құнды дүниелерді сақтап қалу жөнінде бірқатар шараларды жүзеге асыратын болады. 

Мұрағат ісін дамыту, зерттеу жас ғалымдар үшін берілген мол мүмкіндік дер едім. Бүгінде елі­міздің, сондай-ақ шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алған жастар арасында бірнеше тілді меңгергендердің басым көпшілігі жас ғалымдар. Жаңа технологиядағы жетістіктердегі жастардың үлесі қуантады. Осы тұрғыдан алғанда ата-баба­ларымыз тарихының, мәде­ниеті мен әдебиетінің мол қоры сақ­талған мұрағаттарды ашу мәселе­сіне жастарды жұмылдыру, олар­дың ғылымдағы әлеуетін пайдалану­ды уақыт талап етіп отыр. Отан­дық ғылымның алдыңғы буын өкіл­­­­дерінен тәлім алған, заманның жа­ңа­­лықтарын меңгерген жастар ел болашағының драйвері. Бүгін­де қоғамдық қатынастардың дамуы ақпараттық ресурстарға деген сұраныстарды арттырып отыр­ған­дықтан, технологиялар тілін, шетел тілін меңгерген ғалымдар ғасырлар қойнауында бұғып жатқан құнды деректерді жарыққа алып шығуға дайын.

Мұрағат құжаттары негізінде жазылатын тарихи зерттеулерді насихаттау, оны жоғары оқу орын­дарында, орта мектеп бағдар­лама­ларында пайдалану, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, әлеуметтік желілерде ел тарихына қатысты тың жобаларды ұйымдастыру жастар қауымы­ның туған ел тарихына құрметпен қа­рап, алдағы уақытта ғылымға деген көз­қарасына зор ықпал ететіні сөзсіз. Алда мұрағат қорларындағы тарихи құжаттармен таныстыру мақсатында арнайы экскурсиялар, көшпелі көрмелер ұйымдастыру, ғылыми институттар жұмысымен таныстырып, саналы ғұмырын ғы­лымға арнаған ғалымдармен кез­десулер өткізу, жоғары оқу орын­­дары, колледждер мен мектеп оқу­шыларына арналған шағын та­ным­дық кітапшалар шығару, теледидардан, радиодан арнайы хабарлар жүргізу міндеті тұр. Сонымен қатар мұрағат құжаттарының ғалым­дарға қолжетімді болуы үшін қор­дағы бар материалдар негізінде библио­графиялық көрсеткіштердің электронды нұсқаларын жасау да уақыт талабынан туындайды.

Болашақта әрбір тарихи деректің қадірін біліп, оны әлемдік негізде маңызы бар басқа деректермен салыс­тыра қарастыра отырып, қазақтың ешкімге ұқсамайтын төл тарихын жазу міндеті тұр. Президент ұсы­нып отырған ғылыми-тұжырымда­ма­лық ұстанымды жүзеге асыру ісінде музейдің, архивтің, сондай-ақ сан қырлы басқа да деректерге сү­йеніп, ең бастысы басқа халық­тар­дың жетістігімен салыстырып, дүние­жүзілік тарихи дамудың заң­дылығына сәйкес өзіндік ерек­шелігін көрсете отырып, кең ауқым­да жалпыадамзаттық негізде жазыл­са, құба-құп. Сонымен қатар Қазақ­стан елін әлемдік деңгейде таныта білу үшін тарихтың бір нұсқа­сын ағылшын тілінде жазудың қажет­тігіне де зер салған абзал.

Тимур ӘПЕНДИЕВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Атқарылуы тиіс шаруа аз емес · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар