Тарих
3 мин оқу 1,080

Майданға барып қайтқан хаттар

<p style="text-align: justify;">Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық көпшілік кітапханасында өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісовтің &laquo;Хаттар сыры&raquo; атты кітабының таныстырылымы өтті. Шығармаға Ұлы Отан соғысына бір үйден аттанып оралмаған төрт азаматтың тарихы, қазақ даласы мен қан майданның арасын жалғаған үшбұрыш хаттар, махаббат хикаясы арқау болған.</p>

Майданға барып қайтқан хаттар

Бұл – болған оқиға. Елден майданға, май­­даннан елге жазыл­­­ған хаттар да – түпнұсқа. Кітап кейіпкерлері де өмірде болған адамдар. Кітапты ақтарып отырып осы бір әулеттің тағдыр-та­рихынан – ХХ ғасырда тұтас қазақ халқының басынан өткен зұл­мат-зобалаңды көруге болады екен. 

...Нарын құмын жайлаған Мұқаттың Мұхамедияр деген аруақты ұлы 1928 жылы Қазақ­станда ірі байлар қатарында алдымен кәмпескеге ілінген 696 байдың қатарында болыпты. Бәлшебектер Мұхамедиярдың бір туған бауыры Қаби Мұқатұлын да аямаған: 1930 жылы өз үйінде ауырып жатқан оны «жасырған ақшаңды бер!» деп сабап өлтірген. Қаби­дан қалған 4 ұлды әйелі Бәлиза жал­ғыз жүріп өсіріпті. Бірақ 1941 жылы со­ғыс басталғанда төртеуі де майданға алын­ған.

– Қабидың үлкен ұлы Бақ­тыгерей 1942 жылы 1 қыркүйекте әскерге алынып, 1944 жылы а­қпан айында хабарсыз кеткен. Со­ғыс­тан бұрын Бәуия деген қыз­ға үйленіп, Сәуле деген қызы болған екен, жастай шетінепті. Бәуия шешей өмір бойы ерін күтіп, жалғызбасты жесір күйінде Жаңақала ауданының Пятимар ауылында қайтыс болған, – дейді кітап авторы Жәнібек Әбіл­пейі­сов.

Қабидың екінші ұлы – Дәу­леткерейдің тағдыры тіпті аянышты. Сауатты, соғыс­тан бұ­рын­ есепші болып қызмет еткен ол майданда қоршауда қалып, неміс тұт­­қынына түскен. Кейін тұт­қыннан қа­шып шығып, тобына қосылғанымен, соғыс­тан соң «саяси сенімсіз» ретінде тұт­қындалып, Кеңес түрмесінде қаза тап­қан. Осы Дәулеткерейден қал­ған жалғыз ұл – Ғаділ ғана Қаби әулетінің шежіресін жал­­ғапты.

Қабидың Ғабдыжан мен Ға­лым­­жан ат­ты екі ұлы да соғыстан бұрын Орал облысы Тайпақ ауда­нында мұғалім болып қыз­­мет атқарған. 1945 жылы «хабарсыз кеткен» Ғабдыжанның соңынан елге, ана­сына ұлының Қызыл Жұлдыз ордені келіпті. Әскерде зеңбірекші, аға сержант болған Ғабдыжанның кейінгі тағдыры белгісіз. Кейін, 1985 жылы «Жұлдыз» журналына жарияланған «Нью-Йорктегі қа­зақтар» атты мақаладан туыс­та­ры дәл осы Ғабдыжанды таны­ған­дай болған...

Әулеттің кенжесі Ғалымжан 1939 жы­лы әскерге алынып, 1941 жылы со­ғыс­тың алғашқы кезеңінде опат бо­лып­ты. Бір таңғаларлығы, осы Ғалым­жанға сүйген қызы Мақ­­­палдың елден жаз­ған хаттары сақталып қалған. Бұл хаттарды Ғалымжан қаза тапқан соң жолдастары оның үйіне, анасы Бә­лизаға салып жіберсе керек. Бәлиза ана Дәулеткерейдің, Ғабдыжанның, Ғалым­жанның үйге жазған хаттарымен бірге «кел­мей қалған ке­лінінің» де жазбаларын көздің қарашығындай сақтапты. Ла­тын әрпімен жазылған, сарғайған хаттар сол заманның қиындығын, суретін сол күйінде беріп тұр.

– Бұл хаттарда ауылдағы қазақ қы­зының ұяңдығы, кіршіксіз махаббаты, сол кездегі жастардың сезімі, тіл бай­лығы анық көрініп тұр. Эпистолярлық жанрдың керемет үлгісі ретінде де қымбат қазына, – дейді «Хаттар сыры» кітабының тұсаукесер кешін жүргізген ақын Сағынтай Бисен­­ғалиев.
Ағайынды Қабиевтердің қилы тарихын баспасөз бетінде алғаш көтерген жур­на­лист Есенжол Қы­стаубаев ел­де қалған хат кейіп­­кер­лерін қалай із­дес­тір­гені туралы әңгімелеп берді. Кі­­тап­ханада өткен шараға қатысқан оқыр­­­мандардың бәрі де осы хаттарды сақ­таған, қан­ майданға кетіп қайтпай қал­­ған ­төрт ұлының орнында қалған жал­­­­ғыз немересін жетілдіріп, одан төрт шө­­бере сүйіп барып өмір­ден өткен Бә­лиза әженің қайсарлығына, ерлігіне там­­санды. Дәулеткерейдің немересі, Ғаділ­­дің ұлы Ақылбек Дәулеткереевтің демеу­шілігімен шыққан бұл кітап «күндей күр­кіреп өткен» сұрапыл со­ғыс­­­­­тың құрбан­дарына арналған әдемі ескерткіш болды. 

Айтпақшы, Хадиша Бөкеева атын­дағы Батыс Қазақстан об­лыс­тық қазақ дра­ма театрының әде­биет бөлімі меңге­рушісі Нұр­лан Сәдір осы деректі кітап же­лі­сімен 6 көріністі драмалық шы­ғарма жазып шыққан екен. Құ­рылымы қара­­пайым, халық театрларының өзі сахналай бе­руге арналған бұл пьеса да Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнал­ған тың туынды дер едік. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:
Майданға барып қайтқан хаттар · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар