Фируза Шәріпова Астанада бокс кешін өткізеді
<p style="text-align: justify;">Қазақстанның танымал кәсіпқой былғары қолғап шебері, бірқатар нұсқалар бойынша алтын белбеудің иегері Фируза Шәріпова атындағы бокс қоры Астанада бокс кешін өткізуді жоспарлап отыр.</p>

Үстіміздегі жылдың мамыр айында өтетін осы жарыста еліміздің бірқатар белді спортшылары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Айдар Шәрібаев, Әли Балоев, Виктор Коточигов, Константин Брусенский және тағы басқа саңлақтар бар. Сондай-ақ, алыс-жақын шет мемлекеттерден де жуан жұдырықты жігіттер келеді деп күтілуде.
Біз Қазақстанда кәсіпқой боксты дамытып, дарынды жастарға жол ашқымыз келеді. Басты мақсатымыз – осындай турнирлерді көбірек ұйымдастыру арқылы осы спорт түрінің көкжиегін кеңейту. Астанадағы жарысты үлкен спорт кешенінде емес, шағын ғана отельдерде өткізудің еш әбестігі жоқ. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Кезінде Геннадий Головкин, Денис Лебедев сынды саңлақтар бастаған атақты боксшылардың дені дәл осындай шағын отельдер мен казинолардан жұдырықтасқан, – дейді Фируза Шәріпова.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»