Қазақстан
4 мин оқу 1,200

Бейбітшілік – басты қағида

<p style="text-align: justify;">Біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органы &ndash; Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық жауапты миссиясын абыроймен орындады. Оның үстіне Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіміз жаһандық саяси процестердегі шиеленістердің бұрын-соңды болмаған деңгейіне және әлемдік державалардың арасындағы қайшылықтардың асқынуы кезеңіне дөп келгенімен, еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл жөнінде Мәжілісте &laquo;Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдардағы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары&raquo; тақырыбымен өткен Үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді<br /> </p>

Бейбітшілік – басты қағида

Сын сағаттардағы төрағалық

Отырысты ашқан Мәжіліс Төр­ағасының орынбасары Вла­димир Божко: «Бірінші кезекте тәуел­сіз­дік жылдары Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың халық­ара­лық өмірдің барлық саласын қам­ти­тын, еліміздің әлем мен адамзат тағдырына терең алаңдаушылығын білдіретін стратегиялық маңызды бірқатар сыртқы саяси бастамалары бойынша сөз сөйлегенін ерекше атап өткім келеді», деді.

Ал Сыртқы істер министрі өза­ра сенімнің терең дағдарысы мемле­кет­тердің келісімге келу қабілетіне және тұтастай Кеңес жұмысының тиім­ділігіне теріс әсер еткендігін, Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Афри­ка­дағы шиеленісті дағдарыстар мен қақтығыстар, Корей Халық Де­мо­к­ратиялық Республикасы, Иран мен Украинадағы және басқа да елдердегі жағдайлар біздің сырт­қы саяси тәсілдемелеріміздің берік­ті­гіне әлденеше рет жасалған сын бол­ғандығын ерекше атап өтті.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қабырғаларындағы стресс-тестер Елбасының сыртқы саясаттағы бағытының стратегиялық дұрыстығы мен сындарлылығын тағы бір рет растағанына күмәнім жоқ. Прагматизм қағидаттарына, х­алықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті нығайту мақсатында өзара тиімді ымыраны іздеуге бағыт­талған теңгерімді және бейбітсүйгіш сырт­қы саясатымыз мем­ле­кеті­міз­­ді стратегиялық жағынан са­уат­ты көрсетуге мүмкіндік берді, әріп­­те­с­тікті, оның ішінде ядро­лық дер­жа­валармен әріптестікті жаңа қыр­ларымен байытты, мемле­кетіміздің саяси беделін күшейтті. Астананың месседжі айқын – ол «блок­тық ойлаудан» арылу және әлем­дік күн тәр­тібінің түйінді мәсе­лелері бо­йын­ша бәтуаға қол жеткізу үшін же­тек­ші державалардың арасында ин­клюзивтік диалогтың қажет­тігі, – деді Б.Атамқұлов.

Жалпы, еліміздің Қауіпсіздік Ке­ңе­сіндегі жұмысы кезіндегі жетіс­тік­тердің көбіне-көп Мемлекет бас­шысының сыртқы саясаттағы бел­сенді қызметінің және оның прин­циптік бейбітсүйгіш бастамалары­ның арқасында мүмкін болғанына еш күмән жоқ.

Б.Атамқұловтың айтуынша, тек 2017-2018 жылдар ішінде ғана Пре­зидент жиырма төрт шетелдік, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің астаналарына сапар жасады, ең өзекті мәселелер бойынша әлемдік көшбасшылармен көптеген келіссөздер өткізді. Жо­ғары деңгейдегі кездесулердің қоры­тындылары бойынша Елбасы қол жеткізген уағдаластықтар біздің дип­ломаттарымыздың күн сайынғы қажырлы жұмысы үшін негіз болып қаланды.

Сонымен қатар 2018 жылғы 18 қаңтарда Елбасының төрағалығымен өткізілген «Жаппай қырып-жою қа­руын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгей­лі брифинг біздің Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі жұмысымыздың шарықтауы болғаны сөзсіз.

– Қазақстан Республикасының Президенті Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет төрағалық етті және Кеңес­тің ресми отырыстары залында мем­ле­кеттік тілде сөз сөйледі. Қазақ­­стан­ның тәжірибесі негізінде Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев өз сөзін яд­ро­лық қаруды таратпау режі­мін нығайтуда сенімнің ерекше рөлі­не арнауға шешім қабылдап, сол арқылы ядролық қарудан азат әлем­нің стратегиялық мақсатының қол­же­тім­ділігін атап көрсетті, – деп баян­дады Б.Атамқұлов.

Министрдің пайымдауынша, біз­дің еліміз күрделі халықаралық проб­лемаларды шешуде елдерді өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың ру­хында біріктіретін «әділ және адал брокер» әлеуетін толығымен іс­ке асырды.

Ауғанстандағы сауда мүддесі

Бейбітшілік пен тұрақтылықты қаперінен шығармайтын біздің елі­міз Ауғанстанның экономика­сы өр­кен­деп, шатқаяқтаған шаруа­шы­лы­ғын, басқа да салаларын қалпына кел­тіруге белсене үлес қосып келеді.

Сыртқы істер министрінің депу­таттар сауалына берген жауабына қарағанда, қазір Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 520 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде 2017-2018 жылдары бізден аталған елге жеткізілген 2 млн тонна бидай мен астық тауар айналымының негізін құраған.

– Қазір Ауғанстандағы астық пен ұнның 80 пайызы Қазақстаннан жеткізілуде, – деген Б.Атамқұловтың сөзіне Мәжіліс Төрағасының орынба­сары В.Божко: «Бұл нарық біздің уы­сымыздан шығып бара жат­қан­дығын мойындауға тура келіп тұр. Бізден астықты арзанға сатып алып, көптеген диірмендер тұрғыз­ған өз­бек бизнесінің өкілі Ауған­стан­ға өнім жеткізуде үстемдік ете бас­та­ды. Оған қоса, Орталық Азия айма­ғының жекелеген мемле­кет­тері біздің өнімдерге тұсау болатын кедендік баж енгізді», деген алаң­дау­шылығын жеткізді.

Жалпы, біздің еліміздің Ауған­станға гуманитарлық саладағы көме­гінің аясында 2021 жылға қарай жер­гілікті жоғары оқу орындарында мыңдаған инженер, дәрігер мамандары даярланып шықпақ. Сонымен қатар Өзбекстанмен бірлесе отырып Ауғанстан әйелдерін сауаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Ал экономикада қазақстандық кәсіпорындар да Ауғанстанда бой көрсете бастаған.

– Қазіргі кезде Ауғанстан аума­ғында «Солтүстік-Оңтүстік» темір­жолының құрылысы жүріп жатыр. «Интегра» атты қазақстандық компания 43 шақырымдық учаскеге тендерді жеңіп алды. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты аталған темір жол желісін салу үшін Ауғанстанға 350 мың тонна рельс жеткізу конкурсын жеңді, – деді Сыртқы істер министрі.

Ал Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігінің дерек­теріне қарағанда, қазақстандық ком­паниялар Ауғанстан аумағында кен орындарын барлау және өн­ді­ру жұмыстарына байланысты келіс­сөздер жүргізіп жатыр екен.

Жалпы, еліміздің халықаралық деңгейдегі ауқымды жұмыстарының нәтижелеріне арналған Үкімет саға­тының қорытындысы бойынша Үкіметке арнайы ұсыныстар әзір­ле­неді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Бөлісу:
Бейбітшілік – басты қағида · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар