Аймақтар
3 мин оқу 1,160

Өңірдегі өнімділік өрісі

<p style="text-align: justify;">&laquo;Көз &ndash; қорқақ, қол &ndash; батыр&raquo; дейді дана халқымыз. Бүгінде жұрттың алды Үкіметке еміне бермей, өз күшімен күн көрудің әлдеқайда тиімді екендігін түсініп қалды.</p>

Өңірдегі өнімділік өрісі

Осындайда айтпасқа да болмайды. Екі мыңыншы жылдардың басында халықты масылдықтан құтқару әрі жұмыс тауып беру үшін әкімдіктер ар­найы суармалы жер бөліп, жерді жыр­тып беру жағын да қарастырды. Жер алған адамға қалғаны – берген көшет­терді егіп, уақтылы қарау, күз жемі­сін теру. Сол кезде «Біз жер шұқи­ды дейсің бе, мемлекеттің атау­лы көмегін бер, басқа еш нәрсе керек емес» деген айқайды да естідік. Сауын сиыр, қоралы қой береміз деген­де «оған шөбін қайдан табам, жоқ, сиыр бердім деп атаулы көмек­ті алып қоясыңдар» деп беттен алған­дар­ды да көрдік.

Қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. Бүгінде жер, мал және атаулы көмек­ті безбенге қойсаң жұрт алдыңғы екеуіне қос қолдап жармасады. «Аз-маз тиынмен қай қабырғамды жабам, үйге береке, молшылық әке­ле­тін жер мен малыңды әкел» дей­ді. Халықтың бұлайша оянуына мем­лекеттік бағдарламалардың жақсы әсер етіп жатқанын айту керек. Мә­сел­ен, Қызылорда облысы әкім­дігі 2016 жылы агроөнеркәсіп кешені­нің артта қалып қойған салаларын да­мыту мақсатында «Агрокарта» ай­мақ­тық аграрлық саланы дамыту бағ­дарламасын қабылдады. «Агрокарта» екі мақсатты жүзеге асыру керек болатын. Біріншіден, экспорт өсімін арттыру болса, екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Содан бері төрт жылда облыс­та агроөнеркәсіп саласында жақ­сы көр­сеткіштер байқала бастады. Соңғы жыл­дың өзінде ауыл шаруа­шылы­ғын­­дағы жалпы өнім көрсеткіші – 1,6%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі – 4%-ға, еңбек өнімділігі 3,1 есеге дейін өсті.

Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 10%-ға артты. Егер 2013 жылы агроөнеркәсіп кеше­ніне салынған инвестиция көлемі бар бол­ғаны 1 млн АҚШ доллары­нан ар­тық болса, 2018 жылдың қоры­тын­­дысымен бұл көрсеткіш 15 млн АҚШ долларынан асты. Соңғы жыл­дың өзінде ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспорт көлемі 27%-ға өсті, ал оның 97%-ы өңделген өнім үлесіне тиесілі.

Бүгінде Қызылорда күріші Моң­ғолия, Түркия және Ауғанстан нары­ғын игеріп жатыр. Осы орайда иран­дық күріш сұрыптарын өндіру бо­йын­ша қабылданған шаралар күріш егі­с­тігінің тиімділігін біршама көтеру­ге мүмкіндік береді. 2018 жыл­­дан бас­тап соя сияқты жоғары табыс әке­летін дақылдарды және жемшөп­тік дақылдар – судан шөбі, бал құ­май­ды енгізу жұмысы басталып кетті.

2019 жылы күріш егісін тағы 2171 гектарға азайта отырып, жемшөп егісін 4068 гектарға, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін 1293 гектарға ұл­ғайту жоспарланып отыр. Сонымен бірге облыста таяу жылдары 51 мың гек­тар жаңа суармалы жерлерді ен­гізуді көзделген. Осы ретте жаңа суармалы алқаптар суды аз қажет ететін дақылдар: соя, мақсары, жемшөптік дақылдар, судан шөбі, жүгері және т.б. егістікті қамтамасыз етуге арналатын болады.

Келесі жылы Шиелі ауданындағы 1200 басқа арналған сүт фермасының құ­рылысы аяқталады. Облыстың бу­фер­­лік аймақтан шығуы ет өнді­рісін аграрлық саладағы басым бағыт­тар­дың біріне айналдырды. Ет бағы­тын­дағы мал шаруашылығын дамыту ая­сында былтыр Шиелі ауданын­да бір мезетте 1000 бас малды борда­қы­лай­­тын ірі бордақылау алаңы салынды. Бұл облыстағы ауқымы жағынан төр­тінші мал бордақылау алаңы.

Мал өнімділігін арттыру мақса­тында «Сыбаға» бағдарламасы аясын­да шетелден 1300 бас асыл тұқым­ды ірі қара сатып алу жобасы қаржылан­дырыл­ды. Алғашқы 120 бас асыл т­ұқым­ды ірі қара өңірге жеткізілді. 2017 жылы экспортқа барлығы 2,2 мың бас қой ғана шығарылған. Ал 2018 жылы экспортқа қой шығару көлемі 4 есеге (Ресейге, Иранға 8191 қой жөнелтілді) артты. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортталатын өнімдердің тізімі тек соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге көбейді. Бұл облыстың экспорттық әлеуеті өте ауқымды екенін байқатады.

Қызылорда облысында Елбасы тапсырмаларын орындауда осындай жемісті жұмыстар бар.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы

Бөлісу: