Жаңалықтар
1 мин оқу 630
Мәскеуден жүлдемен оралды
Балқаш қаласының оқушысы Мейіржан Алғамжанов Мәскеуде өткен «Ресей-Қазақстан: шекарасыз ғылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Жеңіс Қашқынов – балалар әдебиетіндегі халықтар достығының жыршысы» тақырыбы бойынша ғылыми жобасын сәтті қорғап, бірінші жүлдемен марапатталды.

Мейіржан Алғамжанов жергілікті Абай атындағы №2 лицейдің 7-сыныбында оқиды. Жас зерттеушінің ғылыми жетекшісі – аталған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Балтабай. Бұдан бұрын дарынды оқушы Астанада ұйымдастырылған «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда топ жарған болатын. Енді Мейіржан Польшада күз айларында өтетін ІІ халықаралық ғылыми сайысқа қатысады.
– Бұл тақырыпты өткен жылдың желтоқсан айынан бері зерттей бастадым. Сол кезде біздің мектепте Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдығына арналған «Жыр төксе көлге аққу, қаз қонатын...» атты әдеби-сазды кеш өткен болатын. Сол шарадан үлкен әсер алдым. Астанадағы республикалық байқау алдында Жеңіс Қашқыновтың балаларға арналған жырларын жан-жақты зерттесем, Мәскеу конкурсына ақын атамыздың халықтар достығын өзек еткен ертегілері мен балладаларына арналған жобамен қатыстым. Алдағы уақытта осы тақырыпты тереңдете зерттеп, қазақ балалар әдебиетінің әлем поэзиясынан ойып орын алатындығын дәлелдеуді алдыма мақсат етіп қоямын, – дейді арманы асқақ Мейіржан.
Бөлісу: