Алқаптағы жұмыстар жанданды
Жамбыл өңірінде ақпан айының соңын ала жердің тоңы жібіп, қардың көбесі сөгілді. Наурыз айы келе салысымен-ақ көктемнің самал желі есіп, өңір табиғаты өзгеше күйге енді. Мезгілдің бұл мінезін көпшілік жақсылыққа жорып, биыл егіннің бітік шығатынын, жердің ылғалы мол болатынын айтып жатты. Ал халқымыз «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп бағасын арттырған сәуір айының алғашқы күндерінен бастап-ақ өңірде көктемгі егіс жұмыстары қыза түсті.

Бүгінгі таңда асыраушы саланы жылдағыдан да қарқынды дамыту мәселесі өзекті. Сол себепті, облыс тарапынан аудандарға берілген тапсырма да ауқымды. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, биыл дәнді және бұршақты дақылдар жоспары 310,4 мың гектарға дейін жеткізіліп, өткен жылғыдан 3,5 пайызға көбейген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев ағымдағы жылы майлы дақылдарды 3, қант қызылшасын 6, картопты 7,6, көкөніс-бақша дақылдарын 1,5, ал мал азығы дақылдарын 1 пайызға арттыру көзделіп отырғанын айтады.
Жалпы, көктемгі егіс жұмыстарының қарқын алуы әкімдікке ғана емес, шаруаларға да тікелей байланысты. Әрбір диқан өзіне белгіленген межені бағындыра алса, жемісінің де жақсы болатыны ақиқат. Бұл орайда өңір аграршылары биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 673,8 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық орындалады деген сөз.