Қазақстан
2 мин оқу 1,051
Елдік істің елеулісі
Азат ел өзгелерге өзіндік дара белгілерімен, дана ұлдарымен, таным-тағылымымен, дәстүр-салтымен танылады. Осы танылудың бір дәйегі әліпбиімізді анықтау еді. Оған қол жетіп келеді. Екі жылға таяу уақыт бұрын латынға көшу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Осы жылдың басында жаңа емле ережесінің толық нұсқасы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланды. Бас газетке берген сұхбатында Президент Қ.Тоқаев «Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес», деп оның мән-мағынасына тереңдеп барып, бұл игілікті іске нақты жұмыстар қажеттігін атап айтқаны белгілі.

Жаңа әліпбиге көшу дегеніміз, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сөз емес, іс алға озуы керек. Сонда ғана міндет мінсіз атқарылады. Ең бастысы, ұрпақты сауаттылыққа баулу, емлені жетік біліп, оны әдістеме үстінде шыңдай беру. Бұл тиянақты атқарылмаса, жетік маман дайындалмаса, алты жылдан кейін қолданысқа енетін латын графикасы қиындықтарға тап келуі мүмкін. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы соңғы кездері «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» деген тақырыпта латын негізді қазақ жазуын меңгеретін мамандар әзірлеу бойынша республикалық шараны қолға алды.
Таяуда ғана Отанымыздың барлық өңіріндегі оқу орындарының оқытушылары мен әдіскерлерін шақырып, бұл саланың оқымысты маман-ғалымдарын қатыстырып, 72 сағаттық курс ұйымдастыруы соған дәлел. Онда жаңа қазақ әліпбиінің фонологиялық негіздері, графикасы мен құрамы, төл және кірме, бірге және бөлек, күрделі және қысқарған сөздердің, сызықшамен жазылатын сөздердің емлесі, шет тілінен енген сөздердің орфографиясы мен орфоэпиясы, жаңа әліпбиді меңгерудегі жаңа IT жобаларын талапкерлерге оқытқан еді. Сол жаңа емлені меңгеру барысында инновациялық-педагогикалық технологияларды, әдіс-тәсілдерді қатысушылардың шеберлігін шыңдауға тиімді пайдаланды. Бұл латыннегізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, емле нормаларының ғылыми негіздерін бекітуге жол ашатыны анық. Ал курсты аяқтағандарға арнайы сертификаттар тапсырып, алған білімдерін өңірлерде жалғастыру керектігі жүктелді. Бір сөзбен айтқанда, әліпбиімізді түзеп, емлемізді дұрыстап, оны қалың жұрттың игілігіне жарату дәл қазір елдік істің бір бастауы десек, еш артықтығы жоқ. Мұндай қадам жыл бойы жалғасатынын да назарға сала кетелік.
Бөлісу: