Ақтаулық зияткерлер 8 зымыран ұшырды
Ғарышкерлер күнінде Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мектеп алаңында 8 зымыранды көкке ұшырды.

Айта кету керек, оқушылар зымыран құрастыру және ұшырумен алғаш рет айналысып отырған жоқ. Олар жыл сайын зымыранды ұшырудың әртүрлі жолдарын бақылап көріп, эксперимент жүргізеді.
– Былтыр су қысымының көмегімен зымыран ұшыруға тырыстық. Бірақ ол кезде құрылғымыз ұшпап еді. Ал биыл біз бірсатылы түрін жасап, оны оқ-дәрі көмегімен ұшырып көрдік. Бір сәтте төрт зымыран қатар ұшқанын көрген достарымыз қатты қуанды. Бұл қызығушылығымызды арттыра түсті, – дейді 10-сынып оқушысы Мағжан Утеев.
Жиында мұғалімдермен бірге «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында Қызылордада өткен ІХ Наурыз кездесулері ғылыми жобалар байқауына қатысқан оқушылар белсенділік танытып, өзге достарына көмек көрсетті.
– ІХ Наурыз кездесулері байқауы ғарыш саласына балаларды баулуға арналған ең керемет жоба дер едім. Аталған сайыс еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған біз секілді жастарға зымыран, телескоп жасауды үйреткен шеберлік сағаттар өткізу, Қазақстанның ғарышкерлерімен кездесу, NASA SpaceХ секілді алып компаниялар мамандарынан дәріс алу мүмкіндігін, ғарыш астанасы Байқоңырды көру бақытын бұйыртқан маңызды шара, – дейді 11-сынып оқушысы Динара Тілегенова.