Батырдан қалған жалғыз мұра
Абылай ханмен тізе қосып, қалмақтарға қарсы атой салған қазақтың ержүрек ұлдарының бірі Тышқан батыр туралы деректер тым мардымсыз. Оның ерлік жорықтары көбіне Оңтүстік Сібір аумағында қалмақтар мен башқұрттарға қарсы өткен шайқастарда ғана сипатталады. Жаужүрек баһадүрдің Қызылжар өңірінде тұратын ұрпақтары аз емес. Ол жөнінде суырыпсалма айтыскер ақын Ахметжан Нұртазин, Қобылан қажы Хамзин біраз естеліктер қалдырған. Қазіргі Шал ақын ауданы Көктерек ауылы маңын мекен етіп, ағайынды Тілеке, Құлеке батырлардың ерлік істерін жалғастырған.

Халқымыздың басына қара бұлт үйірілген қилы кезеңдерде жердің шетінен, желдің өтінен табылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмір кезінде ел-жұртына ақылшы, пана, қамқор бола білген. Абылай Балтабаев ақсақалдың жазуына қарағанда, шын аты Қазбек екен. Бір орында байыз тауып отыра алмағандықтан жеңгелері еркелетіп «тышқан» атап кеткен. Орта бойлы, қараторы, шымыр денелі, өте шапшаң кісі болған. Көзінің өткірлігі соншалық, адамдар тура қараудан именген. Оның ержүректілігі, парасаттылығы, ақылдылығы баласы Қойлыбайға жұққан деседі. Ал немересі Сыздық қажы өз қаражатына қос мұнаралы мешіт салдырып, медресе ашқызған. Молдаларды Ресейдің Орал өңірінен, Қостанай жағынан алдыртып, балаларды дін жолына баулыған.
Тышқан батырдың жауға қарсы пайдаланған бес қаруы бертінге дейін сақталғанымен, кейін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе керек. «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінде найзасының ұшы ғана сақтаулы тұр. Оны осыдан екі жыл бұрын ұрпақтары сыйға тартыпты. Найзаның басы – 24,3 сантиметр, диаметрі 3 сантиметр. Жақын қашықтықта дұшпанмен бетпе-бет келгенде қолданылғанға ұқсайды. Мұражай экспозициясының «Тақ» залына қойылған жәдігерді 30 мыңнан астам адам тамашалапты. Шетелден келген меймандарға да оның тарихы, батыр жайлы мағлұматтар кеңінен ұсынылады.
Суық қаруға QR коды қойылып, қазіргі заман талабына сәйкес цифрландырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы