Қоғам
1 мин оқу 911
Жайбарақаттық жарға жықты
Мектепке жапсарлас салынған нысан опырылып түсіп, заматта үйіндіге айналған.

Тайынша ауданындағы білім ошағына осыдан алты жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілгенімен, әбден тозғаны соншалық, қалпына келтіру мүмкін болмаған секілді. Өйткені қабырғаларда қайтадан сызат пайда болып, мектеп басшылығы дабыл қаққан. Төтенше жағдайлар қызметі де апаттық жағдайда деп таныған. Солай бола тұра жергілікті билік шұғыл түрде шешім қабылдаудың орнына мәселені кейінге ысырып, жағдайға көз жұма қарағанға ұқсайды.
– Ғимараттың адам жыларлық жайын айтып, қаншама дабыл қаққанымызбен, құлақ асар адам табылмады. Ата-аналардан жиналған қаражатқа жамап-жасқағанмен ескі дүние қайтіп жаңарады? Апаттың орын алатынын біле тұра, құлағанша күткендері қалай? Күндіз опырылып түссе не болар еді? – дейді тұрғындар басшылықтың жайбарақаттығына наразы үнмен нали сөйлеп.
Әкімдіктегілер болса, нысанның олар ойлағаннан ертерек құлап, мұндай оқыс жағдайды күтпегенін айтады. Оқу жылы аяқталған соң қалпына келтіру жоспарланып қойылыпты. Бірақ көктемгі қар еріген кезде қауіп күшейіп, сүруге жеке серіктесті жалдағанмен, істі соңына дейін жеткізуге үлгермеген көрінеді.
Қырық сылтауы таусылмайтын шенеуніктер бәрін ретке келтіреміз, алаңдауға еш негіз жоқ деген жұбатуынан жаңылар емес.
Солтүстік Қазақстан облысы
Бөлісу: