Ел тағдырына әсер етеді
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің мәні мен маңызына арналған дөңгелек үстел өткізілді. Оған еліміздің батыс бөлігіндегі жоғары оқу орнының студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы және Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов тиісті заң талаптарына сәйкес кез келген республика азаматының президенттік сайлауға қатысып, өз еркімен таңдауын білдіре алуы, өзін толғандырған мәселелерді жоғары мемлекеттік органдарға жеткізе білуі мемлекеттің демократиялық тұрпатына сәйкес келеді деген ой қорытты.
Дөңгелек үстел мәжілісі кезінде ортаға: «Сіз кімге дауыс бересіз?» деген сауал тасталып, оған орнықты да тұжырымды жауаптар қайтарылды. Бұл ретте әрбір сайлаушының президенттікке кандидаттардың сайлауалды бағдарламалармен танысуына толық мүмкіндіктері бар. Соған сәйкес әр азамат өз таңдауын жасай алады. Әрине мұндай жағдайда басты басымдық ел мен халық мүддесін қорғай алатын кандидаттар мен тұлғаларға берілетіні талас туғызбайды.