Ақсудағы «алтын дүрбелеңі»
Таяуда Павлодар облысындағы Ақсу қаласының іргесінде басталған «алтын дүрбелеңі» саябырлаған сыңайлы. Ғайыптан тайып байып қалсам деген арманның жетегіне ерген жүздеген адам күрек-сүйменмен қаруланып, экскаватор сияқты ауыр техникалар әкеліп, тып-тыныш жатқан жердің астаң-кестеңін шығарып қазып, күл-топырақты жүк көліктерге тиеп әкетіп, әбден әбігерге түсіп жатқанына куә болған едік. Себебі топырақтың құрамында бағалы металл бар-мыс.
Облыстық полиция департаменті мен арнайы бөлімше жұмылып жүріп жұртты таратып, ат шаптырым аумақтан «старательдерді» әзер қуып шығыпты.
– Ақсу әкімдігіне бүлінген жердің құнарын қалпына келтіру және төңірекке күзет қою туралы талап жіберілді. Ақсу ішкі істер департаментіне күлді заңсыз тасығандардың кім екенін анықтау және одан әрі әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хат жолданды, – деп хабарлады Экология департаментінің баспасөз қызметі.
Күлкілі дейміз-ау, бірақ дәл осыған ұқсас жағдай бұрын да бірнеше рет қайталанғанын ойласақ, адамдардың аңғалдығына, желдей ескен бос әңгімеге ергіштігіне таңғалмасқа шараң қалмайды. Мәселен, біраз жыл бұрын кеңес кезінен қалған кір тастарының құны аспандап шыға келгені есімізде. Алдымен жарнамалық газеттерде, интернетте кір тасының біреуі 2,5 миллион теңгеге сатылып жатқаны туралы ақпарат шыққан. Себебі кір тасы құйылған болаттың құрамында күміс пе, әлде сынап па, әйтеуір бір бағалы металл бар көрінеді...
Жетпісінші жылдары жасалған ескі ЗИЛ тоңазытқышының бағасы жарты ғасырдан кейін қайта шарықтап кеткен кезі де болды. Оның да бір бөлшегі аса қымбат тұратын, қытайлықтар бірнеше мың долларға сатып алатын болып шықты. Айта берсек, басқа да осыған ұқсас оқиғалар болған. Бір қызығы бұл бұрынғы Кеңес құрамында болған елдерде жиі кездесетін сияқты. Жаңа айтқан кір тасы, ЗиЛ тоңазытқышы туралы оқиғалар Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан елдерін шарпығаны осыны көрсетеді.