Қарағанды вокзалы қайта түлейді
Қарағанды сынды алып шаһар үшін бір вокзалдың аздық ететіні әм оның тар екені көптен бері айтылып жүрген әңгіме-тін. Кеншілер астанасының темір жол қақпасынан тәулігіне 5 мыңға жуық адам әрі-бері өтеді екен. Ал вокзалдың ішіне бар болғаны 800 адам ғана сыяды. Тарлығы өз алдына, классикалық сталиндік ампир мәнерінде салынған нысанның бүгінде кетеуі кетіп, тоза бастағаны да рас. Міне, осы олқылықтарды ескере келіп, «Қазақстан темір жолы» компаниясы темір жол вокзалын қайта құру туралы шешім қабылдаған болатын. Жоба әзір болғаннан кейін, былтыр 1 тамызда жұмыс басталып та кеткен еді.

Жаңа жобаның вокзалды адам танымастай өзгертетін түрі бар. Мысалы, вокзал үйінің оң қапталына жапсарлас үш қабатты ғимарат салынады. Мұнда билет кассалары, күту залы, медпункт, демалыс бөлмесі, сауда дүңгіршектері, дәретханалар сияқты жолаушыларға қажетті игіліктің бәрі қарастырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бұл жерде өздерін жайлы сезінетін болады.
Құрылыс толық аяқталғанда, жаңарған вокзал ішіне 2300 адам сыяды деген болжам бар. Жолаушыларды өткізу қабілеті 8 мың адамға дейін жетеді деп жоспарланған.
Қазіргі уақытта вокзал басындағы құрылысқа 110 адам жұмылдырылған. Ал кестедегі межелі уақытты қуып жету үшін қосымша жұмыс күші қажет. Сондықтан мердігерлер тағы 80 адамды жұмысқа тартуды жоспарлап отырғанын айтты.
– Бұл – біздегі басты нысан! Жылдамдату керек. Бірақ бұл сапаға әсер етпеуі тиіс, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге қала әкіміне, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшыларына құрылысты күн сайын бақылауды қатаң тапсырды. Ал өзі болса, темір жол вокзалына аптасына бір рет келіп, жұмыс барысын тексеріп отыратынын ескертті.
Дегенмен, қиындыққа тап болған бизнес өкілдеріне жергілікті кәсіпкерлер палатасы көмекке келді. Олар жағдайды жан-жақты зерттеп болғаннан кейін, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистралдық желі дирекциясына бірнеше ұсынысы бар хат жөнелтті. Соның нәтижесінде кеншілер астанасына «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының вокзал шаруашылығы жөніндегі директорының орынбасары Абай Досанов арнайы келіп, қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты жолдарын айтты.
«Біз ұзақмерзімді, яғни үш жылға арналған келісімшарты бар кәсіпкерлерге басымдық береміз. Қалғандарының келісімшарт мерзімі сәуір айында аяқталған соң, конкурс жариялаймыз. Жөндеу жұмыстары кезінде кәсіпкерлермен қысқа мерзімдік келісімшарт жасасу жөніндегі хат басшылыққа жіберілді», деді ол. Ал кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы жағдайды жіті қадағалап отыратынын мәлімдеді.