Жаһандық мәселелер жаршысы
Елордада 12-ші мәрте өтетін Астана экономикалық форумына биыл арқау болар тақырып – «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар». 16-17 мамырға жоспарланған ауқымды шараға дайындық барысы қызу. Әлемдік деңгейдегі форумға қатысты толыққанды ақпарат өткен жұмада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.

Назарға алынған басты мәселелердің қатарында әлемдік экономика, өнеркәсіп және технологияның жаңа салаларын дамыту, сондай-ақ, бүгінгі жаһан жұртшылығы үшін аса өзекті тақырыптар талқыға салынбақ.
– Мұндай іс-шаралардың нәтижесін қысқа мерзімге қарап бағалау өте күрделі. Бұл іс-шаралар ұзақмерзімді. Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, экономикалық даму стратегиясын айқындауға бағытталғандықтан, бұл шаралардың бір күнде әсері болады немесе ауқымды өзгерістерге әкеледі деп күту – меніңше, негізсіз. Алдағы ұзақмерзімді перспективада ол елдің экономикасына сөз жоқ әсерін тигізеді», - деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазинов.
Орталық директорының айтуынша, өткен 12 жыл ішінде форумның негізінде жаһандық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан өзінің біршама экономикалық реформасын іске асырған.
– АЭФ шеңберінде алғаш рет бірнеше форум өтеді. Бірінші қазақстандық тұрақты даму форумы, Еуразиялық интеграцияның 25 жылдығына арналған арнаулы сессия, Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған конференция, Кавказ және Орталық Азия өңірі Қаржы министрлері мен Орталық банктері басшыларының дөңгелек үстелі өтеді. Оған қоса, қазақстандық инвестициялар бойынша дөңгелек үстел жоспарланып отыр, – деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы Ерлік Қаражан.