Еліміздің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты
Жыл басынан бері елімізде оба, сібір жарасы, іш сүзегі, паратифтер, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, трихинеллез, висцералды лейшманиоз, құтырма сияқты аурулар тіркелген жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, Мемлекеттік Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин осылай деді.

Оның айтуынша, туляремия, қызамық, кене вирусты энцефалиті, паротит, безгек, тері лейшманиозы, альвеококкоз аурушаңдығының бірлі-жарым жағдайлары тіркелген. Сондай-ақ қосымша вакцинацияның нәтижесінде сәуір айында қызылша ауруы наурызбен салыстырғанда 17,3% төмендеген. Бұл ауруға шалдыққандардың 61,6%-ы егілмеген балалар арасында байқалған. «2019 жылдың 1 қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін қызылшаның 7560 жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 5339 жағдай, яғни 70,6%. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ошақтарда иммундау жүргізіледі, бүгінде 14794 адам егілді», деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Балалардың жазғы демалыс кезінде ішек инфекциясына жиі шалдығатынын жеткізген ол дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек екенін ескертті. Сондай-ақ менингокок инфекциясы бойынша жағдай тұрақты екенін айтқан Ж.Бекшин: «Осы жылдың басынан бері менингококк жұқпасының 22 расталған жағдайы тіркелді, былтыр осы кезеңде 60 науқас анықталған еді», деді.