Әлем чемпионының сыйы
Семейдегі №8 балалар үйінің тәрбиеленушілері шахматтан өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан, 15 жастағы әлем чемпионы Арыстан Исанжуловпен кездесті.

Арыстан Исанжулов көптеген республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып, бүгінде FIDE (ұлттық шахмат федерацияларын біріктіруші халықаралық спорт ұйымының) шебері дәрежесіне жеткен әлем чемпионы. Кездесу барысында Арыстан елордада наурыздың 4-15 күндері «Қазақстан шахмат федерациясының» ұйымдастыруымен классикалық шахматтан өткен әлем чемпионатының командалық қызықты тартысы жайлы әңгімелеп берді.
Чемпионаттың бас демеушісі – ERG Еуразиялық тобы, ал турнирдің бас серіктесі Samruk Kazyna болса, осы шараға 50 ноутбук, 4 принтер және 2 МФУ ұсыныпты. ERG Еуразиялық тобы мен Samruk Kazyna өтініші бойынша жоғарыда аталған барлық жабдықтар Қазақстанның он бір өңіріндегі балалар мекемелеріне шахмат спортын дамыту үшін табысталуы қажет екен. Семейдегі №8 Балалар үйіне бөлінген төрт ноутбукты тапсыру міндеті Арыстан Исанжуловқа тапсырылған.
– Арыстан төрт ноутбукты тапсырғанда балаларымыз бір жадырап қалды, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рымхан Нұрғалиева, – халқымыз «Жетім көрсең жебей жүр» деп бекер айтпаған. Арыстанға қарап балаларымыз үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
«Еgemen Qаzaqstan»
СЕМЕЙ