Лауха
Біршама уақыт бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жайлы таныстырылым болып өтті. Яғни, осыдан 40 жыл бұрын шаңырақ көтерген аталған мекеме – қазіргі таңда еліміздегі туризм көзіне айналған ең ірі мәдени ошақтардың бірі. Дәл қазір музейдің экспонат қоры 24421 бірлік жәдігерді құраса, осылардың ішінде ең көнесі һәм тарихи мазмұны жағынан құндысы – қоладан құйылған лауха екен.

– Бұл бұйым атақты жаһангер Әмір Темір дәуірінде, яғни ХІV ғасырда жасалған, – дейді қорық-музей қызметкерлері. Ол заманда мұндай лауханы тудың сабының басына орнатқан екен. Жәдігердің таза салмағы – 5 кило, биіктігі – 98 см. Лауха екі бөліктен құралған. Бірінші бөлігі – жапырақ пішінді жазулармен өрнектелген жалпақ басы болса, екінші бөлігі – шырағдан тәрізді мойынсап. Бұл мойынсап жапыраққа үш түйме шеге арқылы бекітіліпті.
Өрнек жазулы жапырақтың диаметрі – 37,5 см, биіктігі 59 см болса, мойынсаптың тұғыр диаметрі – 14,5 см, биіктігі – 39 см. Лауханың ұшындағы қошқармүйіз оюлар өзара симметриялы түрде сәйкестендіріліп, үлкен оюдың ұштасқан бөлігіне «Алла» деген сөз ойып жазылыпты. Осы «Алла» сөзін жиектеген қошқар мүйіз оюдың ұзын ұштықтарының бір бетіне калима шәхадат (куәлік сөзі) бәдізделсе, келесі жағына Мұхаммед пайғамбардан кейінгі төрт халифа: Әбубәкір, Омар, Оспан, Әлидің аттары жазылған.
Лауханың жапырақ бөлігі мен оның жиегіндегі әшекейлі сулс қолтаңбамен бедерленген жазуларда: Мұхаммед пайғамбар және хазіреті Әли халифаның ұрпақтары, оған қоса кейінгі имам шейхтер жайлы мадақ-тізбелі мәтіні берілген.
Аталған жәдігердің тарихи, мәдени құндылығы жайлы айтқан зерттеушілер пайымына үңілсек: «Лаухадағы өсиет жазбалар адам баласын рухани азаттыққа, бірлікке шақырумен қатар, оның үлгісі мен дәстүр сабақтастығын бейнелі ишарамен білдіріп тұр. Бұл Ясауидің хәл ілімі һәм хикмет дәстүрінің өміршеңдігінің нақты көрінісі» депті.