Шомылу маусымында абайлаңыз!
Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин биылғы шомылу маусымына дайындық бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Вице-министр жеке жағажайларда кезекшілік ету үшін ТЖК бөлімшелерінде арнайы даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушы-жасақшылар есебінен 114 объектілік құтқару бекеті құрылғанын жеткізді. «Су айдындарының қауіпті және қорғалмайтын учаскелерінде жедел-құтқару жасақтары қосымша 53 мобильді құтқару бекеттерінің кезекшілігін ұйымдастырды. Суға кетіп қайтыс болудың алдын алудың негізгі құралдарының бірі – халықпен ақпараттық жұмыс. Жыл басынан бері өңірлерде 28 брифинг өткізілді, халық арасында 65 мыңнан астам үгіт-насихат өнімдері (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылды, теле-радиоларда 556 сөз сөйлеу ұйымдастырылды», деді ол.
Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары балалардың суға батуының алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. «Еліміздің оқу орындарында жоспардан тыс ата-аналар жиналысы өткізіліп, оларға су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары айтылды. Суда қауіпсіздік бойынша 152-ден астам интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Оған 140 мыңнан аса оқушы қамтылды», деді Ю.Ильин.