Онда араб елдерінің лидерлері Парсы шығанағындағы Саудияның мұнай құбырлары мен Біріккен Араб Әмірліктерінің танкерлеріне қарсы жасалған шабуылдарды талқылады. Эр-Рияд «Ансар Алла» шииттік қозғалысының төңкерісші хуситтер тобы жасаған бұл шабуылдарының сыртында Иран тұр деп айыптады. Халықаралық агенттіктердің хабарлауына қарағанда, Саммитке қатысқан араб мемлекеттерінің басшылары Сауд Арабиясының пікірін қолдап, Иранға қарсы санкцияларды күшейту керек деген шешім қабылдаған. Кездесу қорытындысы бойынша жасалған мәлімдемеде жоғарыда аталған инцидентке төңкерісшіл-хуситтер кінәлі екендігі, ал олардың артында Тегеран тұрғаны ашып көрсетілген. Сонымен қатар мәлімдемеде Иран Сирия дағдарысын жандандырушы және Бахрейннің ішкі ісіне араласушы деп айыпталады. «Иранмен ынтымақтастық тек оның басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпағанда ғана болуы мүмкін» деп атап көрсетілген мәлімдемеде.
Осы жиынның алдында Меккеде болған Парсы шығанағы жағалауындағы Араб мемлекеттері ынтымақтастығының кеңесі де дәл осы мазмұндағы мәлімдеме жариялаған еді. Бұл кеңеске алты мемлекет мүше. Осы форумды да «Аймақтағы жағдайдың күрт нашарлап кетуіне байланысты» деген себеппен Саудияның королі шақырған.
Өз тарапынан Иран бұл мәлімдемелердегі айыптарды жоққа шығарып, Эр-Риядтың қасиетті Рамазан айында АҚШ-ты қолдау саясаты үшін саммит ұйымдастырғанын айыптады.
Біз бұған дейінгі «Таяу Шығыс тағы толқып тұр» атты мақаламызда («ЕҚ», 31.01.2019 ж.) Иран мен АҚШ арасының қатты суысып кету себептері туралы жазған болатынбыз.
Осы саммиттердің алдында Саудияның Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әдел әл-Джубейр Эр-Риядта жасаған баспасөз-конференциясында Сауд Арабиясы Таяу Шығыста соғыс отын тұтатпау жолында қолынан келген істің бәрін жасайтын болады деп жариялаған. «Соғыс аймақтағы барлық елдерге де қасірет әкеледі. Сондықтан біз оны болдырмауға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», деді ол.