М.Жолдасбек: Әр азамат өз үнін қосуы тиіс
Біз үшін, Қазақстан халқы үшін маңызды саяси науқан өтті. Еліміздің болашақ президентін таңдауға жиналдық. Президенттіктен 7 адам үміткер, осының өзі – демократияның айқын белгісі. Бәрі өздерінің насихат жұмыстарын ойдағыдай жүргізді, қалғанын шешетін – халық. Мен де дауыс бердім. Дауысымды еліміздің тыныштығы, келешегі, жастарымыздың болашақ бақыты үшін, барлық ырзық қазаққа жетсе, бұйырса екен деп бердім.

Болашақ президентіміз халыққа адал, елдің жанашыры болып, азаматтардың еңбегін бағаласа, «табанақы, маңдай тер» деген қазақы сөздің салмағын сезінсе екен деген тілегім бар. Елдің ынтасы жақсы, елордамызда жаңбыр жауып тұрса да, таңдау жасауға белсенділік танытты.
Қазақстан мұндай жақсылықты бұрын көрген жоқ. Аты бар, заты жоқ ел едік. Қазақпын деп айтуға жасқанатын. Қазір, Құдайға шүкір, бұл елдің иесі – қазақ, әсіресе, бүгінгі жастар. Сондықтан кейінгі буынға «Қазақстан – сенің мемлекетің, елорда – сенікі. Осыған үлкен сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қараңдар, мейлінше қызмет етіңдер» деп айтып отырамын. Өйткені әр азамат өз үлесін, өз үнін қоспаса, бұл мемлекет өркендемейді.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕК,
мемлекет және қоғам қайраткері