Швеция байқаушысымен кездесті
Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Швеция Корольдігінің байқаушысы, елші, швед үкіметінің Солтүстік Корея және Мьянма мәселелері жөніндегі арнаулы уәкілі К.Харстедпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Сенат басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына байқаушы ретінде қатысқаны үшін алғыс білдірді. Ол сайлау науқаны ашық өткенін және сайлауға мониторинг жүргізу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Кездесуде тараптар түрлі бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды көздейтініне тоқталды. Өткен жылдың мамыр айында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК пен шведтік «Ваттенфолл» энергетикалық компаниясы арасындағы келісімшарт бойынша қазақстандық уран жеткізілген болатын. Қазақстандық өнім үшін швед нарығы осылай ашылған еді. Сенат басшысының пікірінше, индустрия, IT және жасыл технологиялар, экотуризм өзара іс-қимылдың келешегі зор бағыттары болуы ықтимал.