Дүниеге келер әлі талай Қасым...
Маусымның 9-ы кезектен тыс Президент сайлауынан бөлек, тағы бір жағымды жаңалықпен есте қалар. Бұл күні бас шаһардың демографиялық архитектурасында оң динамика байқалды. Анығырақ айтқанда, 30 сәби дүние есігін ашты.

Мәселен, Жаңарған Қарабала және Әсел Әнетова тұла бойы тұңғыш ұлдарының есімін Қасым-Жомарт деп қоюды ұйғарыпты. Айта кетерлігі, жас ананың толғағы дәл сайлаудан кейін басталып, түнгі сағат 00:00-де шекесі торсықтай сәби өмірге келді. Міне, араға үш күн салып Қасым-Жомарт Жаңарғанұлын перзентханадан шығару салтанаты Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімімен тұспа-тұс келді.
– Тұңғышымыз ел тарихындағы маңызды сәттердің бірінде туғанына қуаныштымын. Яғни маусымның 9-нан 10-на қараған түні ұлымның кіндігі кесілді. Перзентханадан шығарылатын күн Президент ұлықтауымен сәйкес келгеніне де таңырқағанымыз рас. Баланың есімін таңдауға келгенде ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың біріне түсетіні анық еді. Ел тарихына қарасақ, Қасымдар аз болмады. Сонау орта ғасырдағы Қазақ хандығының негізін салған әз Жәнібектің ұлы Қасым ханның тұсында жеріміз ұлғайып іргелі елге айналғанымыз баршаға белгілі. Сонымен қатар атақты партизан-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің өзі бір төбе. Сол секілді дауылды поэзиясымен Алты алашқа аты мәшһүр Қасым Аманжоловты атап өтуге болады. Әлбетте жаңа дәуірдегі жаңа Президентіміздің атын негізге ала отырып Қасым-Жомарт деп баламызға азан шақырып, есімін қойдық, – дейді Ж. Қарабала.
Жақсылық Мұратқали