Нарынның Нариманы
Ғұмыры ғибратқа толы абзал жандар аз емес. Атырау десе, қасиетті құм Нарын десе, алғашқылардың қатарында есімі аталатын Нариман Үлкенбаевтың та өмірі өнегеге толы болды. Еңбек жолын медицина саласынан бастағанымен, табиғат берген дарыны өнер әлеміне әкелген Нариман Үлкенбаевты ел Қазақстанның Мәдениет қайраткері, күйші-композитор, әнші, сөз зергері ретінде таныды. Сөйлесе – сөзге шешен, шырқаса – әні келіскен, төгілте тартса – күйі күмбірлеген, шабыттанса – қара өлеңнің қасиетін танытқан өнер иесінің артында мол мұра қалды.

Жастық шағын Нарын құмын жайлаған Исатай ауданында өткізген Нариман Үлкенбайұлы Аққыстау халық театрының алғашқы режиссері болды. Ауылдың өнерге жақын жастарын жанына жинап, халық театрының негізін қалады. Ауыл өнерпаздары 1970 жылы Мәскеуде, кейін Югославияда өткен байқауларға қатысып, Бірінші дүниежүзілік фестивальдің жүлдегері атанды. Бұдан басқа да байрақтары аз емес. Шағын ауылдың сахнасынан басталған өнер жолы Нариман Үлкенбайұлын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына дейін жеткізді.
Ол бар өмірін Атырау өңірінің мәдениетінің дамуына арнады. Отбасын құрып, ұрпақ өсірді. Қазаққа Айгүл Үлкенбаевадай талантты күйші сыйлады. Шәкірт тәрбиеледі. Қай салада жүрсе де халықтың алғысына бөленді.
Жақында Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйіне Нариман Үлкенбайұлының есімі берілді. Салтанатты шараға қатысқан «Ардагерлер қоғамы» республикалық ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы: «Өмір бойы елге қызмет еткен азаматтың атын ардақтау – тәрбиелік мәні бар шара», деп атап өтті.
Ал облыс орталығында Нариман Үлкенбаев атындағы халық театрлары мен музей мамандарының І республикалық байқауы ұйымдастырылды. Сегіз аталым бойынша жүлдегерлерді анықтаған өнер додасына еліміздің түкпір-түкпіріндегі халық театрлары арнайы келді. «Ең үздік спектакль» аталымын Батыс Қазақстан облысы Қазталов аудандық халық театры жеңіп алды. Музей мамандары арасында өткен байқауда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Ләззат Салықова бас жүлдеге ие болды.
Жақсылармен жолдас болып, жақсылықты дәріптеген, жүрген жері жыр-думан болған ардақты азаматтың атын туған жері осылайша ұлықтап жатыр. Атамекеннің құрметінен асқан сый болар ма?
АТЫРАУ