Қоғамға қат мамандықтарға оқытады
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар «екі қолға – бір күрек» іздегендерге керегін беріп жатыр. Қызылордада «Сұңқар» әлеуметтік қамқорлық орталығы» жұмыссыз жүрген, бірақ лайықты мамандық іздеген жастарға мамандық беру үшін қысқа оқыту курстарын жүргізіп келеді. Жетпіс екі сағатқа негізделген қысқа курс бұл жолы «Аспаз», «Сату және сатып алу менеджері» мамандықтарына жиырма жасты оқытып, қолдарына сертификат берді.

«Сұңқар» әлеуметтік қамқорлық орталығы» қорының директоры Жанат Сұңқарбаева қоғамдық сұранысқа мониторинг жүргізіп отыратындықтарын айтады.
Енді қоғамдық қор электрші, шаштараз және дәнекерлеуші мамандықтарына елу жасты оқытпақ ниетте.
Бүгінде көдедей көп мамандық иелері ішінде жұмыссыз жүрген жастар жетеді. Екінің біріне заңгер және есепші қызметі табыла бермейді. Ал дәнекерлеуші, электрші, сантехник және аспаз сияқты мамандықтарға сұраныс көп. Жастардың қолына неміс мәтелінде айтылғандай, «қарны ашқанға балық емес қармақ беруді» ұстанған қоғамдық қор осылайша жұмыссыздардың санын азайтуға үлес қосып жатыр. Қысқа оқу арқылы қосымша мамандық алған жастардың алды кәсібінің нәсібін теріп жеп жүр.
Қызылорда облысы