Жастар белсенділігі жоғары
Кеше Nur Otan Talks алаңындағы кезекті отырыс «Team Qazaqstan: жастар және сайлау» деген тақырыпта өрбіді. Жастардың сайлаудағы және сайлаудан кейінгі белсенділіктері қызу талқыланған жиынға Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

Отырысты ашқан М.Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастармен жұмыс істеуге басымдық беруге уәде еткенін еске салды.
– Біздің Президентіміздің сайлауалды бағдарламасында да жастар мәселесіне қатысты нақты жоспарлар ұсынылды. Енді осы жұмыстардың барлығын бірлесе жүзеге асыруымыз керек. Сонымен қатар өздеріңізге белгілі, біз республикалық қоғамдық штаб жанынан «Team Qazaqstan» атты жастар қанатын құрған болатынбыз. Оған қосылған жастар сайлау кезінде белсенді және нәтижелі жұмыс істеді. Алдағы уақытта да Team Qazaqstan қанатының әлеуетін кеңінен пайдаланамыз, – деді М.Әшімбаев.
Отырыс барысында TV продюсері, тележүргізуші Әйгерім Есенәлі, «Болашақ» корпоративті қайырымдылық қоры кеңесінің төрағасы Динара Шәйжүнісова, продюсер, тележүргізуші Асхат Садырбай, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ақерке Берлібай, «Қазақстан жастары конгресі» республикалық жастарды дамыту орталығының жетекшісі Ерғазы Әзімханұлы сөз сөйлеп, президенттік сайлаудағы қызметтері мен жастардың іс-қимылдарына қатысты ойларымен бөлісті. Сонымен қатар осы жолғы сайлауда қолданылған шетелдік заманауи сайлау технологиялары жайында пікір алмасты.
Жалпы, жастар көшбасшылары Президент сайлауында әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылғанын, жастардың саяси өмірге белсене араласып, өз болашақтарына бейжай қарамайтынын дәлелдегенін жарыса баяндады.
Team Qazaqstan қанаты еліміздің барлық аймақтарында белсенді жастардың басын қосып, соңғы үдерістерге сай әрекет етуде.