Екі айда 270 шақырымды артқа тастады
Жақында Тарбағатай ауданында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық спорт және өнер фестивалі аясында ел тарихында тұңғыш рет «Ұлы дала қазанаты» атты 140 шақырымдық ат бәйгесі ұйымдастырылған болатын. Қазақтың ұзақ жүріске шыдамды қазанаттарын һәм алаштың атқа мығым отыратын, шымыр жігіттерін анықтау мақсатында өткізілген жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден 100-ге жуық тұлпар қатысқан-ды.

Таңғы сағат 4-те басталып, түске дейін созылған қыл құйрықтылар сайысында 1-орынды Ақсуаттың Қызкүрең есімді жартылай асыл тұқымды жүйрігі иеленген-ді. Ал 2-3-орындарды кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп тамсана әңгіме жазған Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаевтың туған жері – Катонқарағай ауданының атбегілері өзара бөлісті. Бір таңғаларлығы, екі ай бұрын Зайсанда тұңғыш рет ұйымдастырылған 130 шақырымдық бәйгеде 2-орын алған Пырақ дейтін жүйрік бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1-орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік.
– Бұл аттың тұқымы қандай?
– Таза қазақы деуге болмайды. Бұрынғы Дон жылқысынан қалған тұқым ғой. Қаны қазақы жылқылармен араласқан. Таза, қазақтың жабы жылқысы емес. Бұл – жергілікті жылқы тұқымы. Қазанат деуге де болатын шығар. Қазанаттың да түбінде тектілік болған ғой. Біздің Катонқарағай ауданының Солдатова деген ауылында орыс ұлтының өкілдері Дон тұқымын көп ұстаған. Бұл – Алтайдың қытымыр қысына да төзімді, жүріске де шыдамды жылқы. Осындай жылқылар Катонқарағайда көп тараған. Яғни, қазақы жылқы мен Дон жылқысының қаны араласқан.
– Атты бәйгеге қанша уақыт баптадыңыз?
– Зайсандағы 130 шақырымдық жарысқа 25 күн баптадым. Бұл жолғы жарысқа Зайсаннан кейін бір айдай тынықтырып барып баптай бастадым.
– Бұл бәйгеге қосылып жүрген ат па? Әлде міністің аты ма?
– Міністің аты. Малға, шаруашылыққа мініп жүрген ат. Аламанға қосылмаған.
– Үшінші орынды да Катонқарағайдың жүйрігі алды ғой.
– Иә, ол – Үлкен Нарын ауылының аты. Аттың бапкері – атақты Бошай Кітапбаев ақсақалдың ауылынан.
– 140 шақырым атқа да, шабандозға да оңай болмайтыны анық. Жалпы, жарыс қалай өтті?
– Таң қылаң бере, сағат төрттен 25 минут кеткенде жарыс жолына шықтық қой. 130 шақырым бойы Қарағандыдан келген ат алдына қара салмады. Мәреге жақындағанда басып оздық. Ал 1-орын алған атпен 40 шақырымнан бері қарай қатарласа шауып отырдық. Мәреге шамамен бір шақырымдай жер қалғанда екеуміз де тізгінді қоя бердік. Екеуміз де мәреден шауып өттік.
– 150 шақырым болғанда озып кетер ме едіңіз?
– Оны айту қиын. Бірақ атымның 150 шақырымға шыдайтынына сенімдімін.
– Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге лайық ат жарысына бір емес, екі мәрте қатысып, жүлде алдыңыз. Екі жарысты қоссақ, екі ай ішінде 270 шақырымды бағындырыпсыз. Алған әсеріңіз қандай?
– 140 шақырымдық бәйге Қазақстанда алғаш рет өтті ғой. Мұндай жарыста бәйге алу үлкен қуаныш, зор мәртебе деп ойлаймын.
– 140 шақырым шапқанда жолда қанша рет аялдадыңыздар?
– Өзім атымды үш рет тоқтатып, екі-үш минуттан демалтып, аздап су ұрттатып отырдым. Жарысқа ұзын саны 104 ат қатысты. Мәреге жеткені – 12. Біз келгеннен бір сағаттан кейін келген аттар да болды.