Әлкей Марғұлан мұралары
Мемлекеттік Орталық музей қабырғасында академик Әлкей Марғұланның 115 жылдық мерейтойына орайластырылған «Дара тұлға» атты көрме ашылды. Көрерменді қазақ халқының дара перзенті Ә.Марғұланның өмір жолымен, отандық филология, археология, этнография, сәулет өнері сынды ғылымдарға қосқан үлесімен таныстыруға арналған экспозиция шілденің ортасына дейін жалғасады.

Қазақстан археологиясының қалыптасуы өмірі мен шығармашылығы, тікелей алғанда, ұлттық археология – этнография мектептері тарихының қалыптасу-даму үдерісінің айнасына айналған Әлкей Марғұланның есімімен тығыз байланысты. Көрмеде фотосуреттер, академик Әлкей Марғұланның жеке заттары, құжаттар, марапат белгілері және ғалымның ғылыми-зерттеу, ұйымдастырушылық қызметін әрі Қазақстан археологиясының дамуына қосқан үлесін айғақтайтын музей қорынан алынған материалдар ұсынылған.
Сондай-ақ Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ізденістері барысында жиналған неолит және қола заманының артефактілерін көруге болады. Орталық Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы зерттеулерімен Атасу, Ақмая, Мыржық қоныстарынан табылған заттар арқылы танысасыз. Ерте темір ғасырының ескерткіштерінен тасмола мәдениетінің артефактілері бар. Ғалымның орта ғасырлар тарихын зерттеудегі табыстарын Нұра өзені маңындағы қорымдардан, Отырар төбе қалаларындағы қазбалардан жиналған дүниелер, орта ғасырлардағы құрылыс-сәулет өнерінің ескерткіштері – түрлі ғимараттар макеттері аңғартады.
Көрмедегі этнографиялық материалдар терең тамырлы мәдени мұраның айғағы. Көрме экспозициясын түрлі материалдар: қазба жұмыстарының панорамасы, жартас бетіндегі суреттер, археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері, сондай-ақ Әлкей Марғұлан жайлы басқа ғалымдардың ой-толғаулары толықтырған.
АЛМАТЫ