Бұл қолдаудың орны бөлек
Мемлекет басшысы ең алдымен ел азаматтарының әлеуметтік-тұрмыстық жай-күйіне баса назар аударып отыр. Бұл мәселе Қ.Тоқаевтың президенттікке кандидат ретіндегі бағдарламасына да басты желі болып тар-тылғаны белгілі. Бүгінгі биігінен қарағанда да Президенттің ел-жұртқа берген уәделері орындала бастағанына көз жеткіземіз. Жасыратын несі бар, қазіргі кезде күнкөріс деңгейі төмен көптеген қазақстандықтар дербес баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Сол үшін көпшілігі үйге несиелік қаражаттар алу жолымен қол жеткізуді ұйғарған. Солардың қатарына өзімді де қоса аламын.

Қазақ халқында «қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген нақылға бергісіз сөз бар. Шындығына келгенде жайлы пәтерге ие болу үшін несие рәсімдегеніммен, оның жүктемесін төлеуге келгенде қиналып қалатын кездерім аз емес-ті. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» деген, әйтеуір бір айдан екінші айға дейін амалдап төлеп жүрген едім.
Осындай әрі-сәрі күйде жүргенімде akorda.kz сайтынан Президенттің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығын көріп, іздегенім табылғандай қуанышқа бөлендім. Қамқорлық дегеніміз осындай-ақ болатын шығар. Президенттің шарапаты мыңдаған адамдарға тиетіні қандай ғанибет. Сондықтан да бұл қолдаудың орны бөлек. Әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары деп есептеймін.
Менің өмірден өз орнымды табуыма Қазақстаным қолдау көрсетті. Бүгінде ақысыз арнаулы білім алудамын. Сондай-ақ көп кешікпей дербес баспанаға ие болатыным да есіме түскенде бойымды шаттық сезімі билейді.
Жахар ЛАЗАРЕВ,
Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі,
Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің студенті
АҚТӨБЕ