«Динамоның» ізбасарлары сайысқа түсті
Қызылорда қаласындағы мұз айдынының волейбол алаңында ұлағатты ұстаз, спорт ардагері, волейболшы Тұрғанбек Алтынбеков атындағы қырық жастан асқан ардагер спортшылар арасында ашық турнирі өткізілді. Өмірден өткеніне екінші жыл айналған Тұрғанбек аға 1960 жылдары ел құрамасының жастар сапында өнер көрсеткен, спорт шебері «Динамо» лақап атымен танылған-ды. Бертінге дейін Сыр өңірі спортының дамуына ауқымды үлес қосып, шәкірт тәрбиелеген ұстаздың есімі зор құрметке ие.

Топтық ойындарда өткен бәсеке өте тартысты болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, өз тобынан шыққан жеңімпаздар тағы да өзара сынға түсті. Үшінші орын үшін болған бәсекеде шиеліліктер Қызылорда командасын айқын басымдықпен еңсеріп, жүлделі орынға табан тіресе, ақтық сында байырғы қарсыластар Байқоңыр командасы мен Жаңақорған ауданының ардагерлері алаңға шықты. Өткен жылғы турнирде де осы екі команда финалда кездескен еді, онда жаңақорғандықтарға сәттілік серік болып, бас жүлдені иемденген болатын. Ал бұл жолы күшейтілген құраммен келген космодром офицерлері жеңіске жетіп, былтырғы кеткен есесін қайтарды. Әсіресе кезінде облыс құрамасының сапында болған Қуаныш Рақатов сынды белгілі спортшының ойынына көрермендер тәнті болды. Сондай-ақ қызылордалық ардагер-волейболшы Сабыр Жаңбыровтың қимылы көз сүйсінтті. Жаңақорғандық ойыншылар Әбдібек Әбілсейітов, Жұмахан Нұртазаев, Самат Сопбеков, Шәдібек Накипов, Шиелі ауданының белді ойыншылары Өтеп Әбдіраманов, Елтай Серікбаев, Батыр Пазылбековтің де шеберліктері ешкімнен кем түскен жоқ.
Нұрмахан ЕЛТАЙ
Қызылорда