Павлодарда 144 отбасы пәтер алды
Облыс орталығындағы Дүйсенов көшесі, 138/1 мекенжайы бойынша 2 тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлердің құрылысына «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тапсырыс берді.

Ал,құрылысты «БЕКАС» ЖШС-і «ГСУ Құрылыс» және «СТРОЙ-ТЕХ» серіктестіктерімен бірлесіп жүргізді. Жаңа пәтерлердің иелеріне кілттерді облыс әкімі Болат Бақауов табыстады.
Пәтер алушылардың қатарында көп балалы Қуат пен Жазира Құсбековтердің отбасы бар. -Әрине, біздер үшін қуаныш. Отбасымыз көптен күткен пәтерге ие болдық, – деді Қуат Құсбеков.
Сонымен бірге, бұл үйдегі 20 пәтерді «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мұнайшылар үшін сатып алған. Бұған дейін өңірдегі Ақсу, Екібастұз қалаларында 70 көпбалалы отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанды.
Жалпы, биыл облыстағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдауға 3 млрд теңге қарастырылды.
Павлодар
Суретті түсірген Валерий Бугаев