Аймақтар
1 мин оқу 420
Оқушылар қазба жұмыстарына қатысты
Өңірдің 8-10 сыныпта оқитын 160 оқушысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі Алтайым – туған жерім» археологиялық жазғы мектебіне қатысып, Елеке сазы және Аблайкит қазба орындарын тамашалап қайтты.

Құр тамашалаған жоқ, белгілі археологтармен бірге өздері де қорғандарды қазу жұмыстарына атсалысты. Елеке сазы қорымында балалар тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология кафедрасының меңгерушісі, археолог Ғани Омаровпен танысып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрды. Өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ал XVII ғасырда салынған Аблайкит бекінісінде Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Ерлан Қазизов пен Жапонияның Нантэ университетінің тарих және география профессоры Марк-Оливер Перудің жетекшілігімен жас зерттеушілер қорғанның сыртқы және ішкі қабырғасы бойындағы қазба жұмыстарына қатысты. «Өңіріміздегі ежелгі қорғандарды қазу кезінде әлем ғалымдарын таңғалдырған сенсациялық ғылыми-археологиялық жаңалықтар ашылғаны мәлім. Археология әдістерін зерттеу балалар үшін де өте қызық. Мұндай шара жас ұрпақты туған өлкенің мәдени-тарихи мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді», дейді «Дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Гауһар Рахымжанова.
Бөлісу: