Атажұрттан алыстағы балалар ана тілін жақсы біледі
Қиырдағы қандастарымыз қазақ тілін қаншалықты біледі? Өзге елде өмір сүріп жатқан ағайынның ана тілімізге деген құрметі қандай дәрежеде? Атырауда өткен «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада қорытындысы жақсы көрсеткіштермен көңіл қуантты. Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Иран, Өзбекстан мемлекеттерінен келген қазақ балалары Атырауда төрт күн бойы біліктіліктерін сынға салды.

– Қазақ диаспорасы өкілдерінің басқа елдерде тұрса да, ана тілдерін жетік меңгергендері, өз тілдерінде сөйлеп, білімдерін жетілдіретіндері анық көрінді, –деді олимпиада жүлдегерлерін марапаттау салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов. – Халық даналығында айтылғандай, өз тілін ұмытқан ұлт тамырын жоғалтады. Ұлттық құндылықтарды бойларына сіңірген осындай балалар барда қазақ тілінің болашағы да баянды.
Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша, бес қатысушы алтын медаль, 8 қатысушы күміс, 15 қатысушы қола медаль иеленді.